Оңтүстік Кореяда өтетін Пиоңчаң қысқы Олимпиадасына Солтүстік Корея спортшыларының да қатысуы мүмкін. Дегенмен, алдын ала жасалған мәліметтерге қарағанда Солтүстік Кореядан бұл реткі Олимпиада ойындарында екі спортшы жіберумен шектелмек. Осыған орай ақпарат көздері Солтүстік Корея спортшыларының қай деңгейде деген сұрақ төңірегінде талқылауда. Бұл туралы «People» басылымы және BBC талдау жасады.

BBC-дің көрсетуінше, спорттың кейбір түрлерінде Солтүстік Корея әлемдік лидер болып келген. Осыдан бұрынғы жазғы олимпиада ойындарында Солтүстік Корея жалпы есепте 54 медаль алып, Үндістан мен Нигерия секілді халық саны мол елдерден де озып кеткен.

Солтүстік Корея спорты туралы, әсіресе олимпиада ойындарында жеткен табыстарына қарап елде ауыр атлетика біршама жоғары деңгейде деуге болады. Олимпиада тарихында аталған елдің спортшылары үш рет әлемдік, екі ерт олимпиада рекордын жаңартқан. Рио-де-Жанейрода өткен олимпиада ойынында Солтүстік Корея жеті медаль алып (екеуі алтын), қатысқан елдер тізімінің ортасынан орын алды.

FIFA-ның есебі бойынша Солтүстік Кореяның әйелдер футбол командасы 11 орында тұрады. Келесі жылы өтетін әйелдер арасындағы футбол чемпионатына кіре алмағанымен, өткен жылы Шығыс Азия біріншілігін жеңіп алған. 2016 жылы жастар құрамасы әлем кубогын ұтып алған.

Аталған елдің Ұлттық футбол құрамасы екі рет әлем біріншілігі жарысына кірген. Қазіргі кезде 126-шы орында тұрады. Солтүстік Корея ұлттық құрамасының ең танымал ойыны 1966 жылы Ұлыбританияда өткен Әлем чемпионаты кезінде болған, сол кезде КХДР командасы жартылай финалға дейін жеткен. 2010 жылғы Әлем чемпионатында топтық ойында Бразилия командасымен ойнап, 2:1 есебімен ұтылған. Бірақ екінші кезекте Португалия командасына жолығып 7:0 есебімен топтан шыға алмай қалды.

Солтүстік Кореяда таэквондо спорты биік өреде. Алайда, әлемдік жарыстарда солтүстік кореялық таэквондо шеберлері тек Халықаралық таэквондо қауымдастығы атынан ғана қатысады. Бұл спорт түрінде әлемде Оңтүстік Корея көш бастап келеді. Таэквондо спорт түрінен соңғы рет өткен халықаралық жарыста Солтүстік Корея 22 алтын алып, таэквондо тарихында да, ел тарихында да үлкен бұрылыс жасаған.

Солтүстік Кореяда спортшыларға айрықша қамқорлықтар жасалған. Елде талантты спортшылар бала күнінен талданып алынып, тәрбиеленеді. Елдегі әлеуметтік жағдайдың төмендігіне қарамастан спортшылар жоғары деңгейдегі спорт залдарында жаттығады. Дегенмен, көптеген социалистік режимдегі елдерге ұқсас, бұл елде де спорттық жаттығуларды міндетті атқару белгілері бар. Айталық, 40 жылдан бері бұл ел бокс және таэквондо спорт түрлерімен жаттығуды барлық азаматтарына міндеттеген. Әрі, спорттың мақсаты мен міндетін де социалистік режимге бағыттаған.

“The Qazaq Times”