Жапонияның Сыртқы Істер министрі Таро Кано Солтүстік Кореяның жылы қабақ танытып, Оңтүстік Кореямен үзілген келіссөздерін қайта бастауға бел буғанынан күдіктенеді. Оның пікірінше, Пхеньян осылай  өзінің ядролық қару бағдарламасын дамытуды жалғастыру үшін уақыт ұтқысы келеді. Ванкуверде өткен басқосуда 20 мемлекеттің Сыртқы Істер министрлері Корей жарты түбегіндегі мәселені талқылап, Пхеньянға жасалатын қысымды бірлесіп күшейтуге уағдаласты. Бұл туралы ВВС ақпараттық агенттігі жазды. 

Солтүстік Корея 28 қараша күні кезекті ядролық қару сынамасын өткізгеннен кейін, мұнай секторынан шет мемлекетте жұмыс істейтін еңбек ресурстарына дейін БҰҰ қабылдаған санкцияларға ілікті. Жаңа жыл қарсаңында Солтүстік Кореяның басшысы Ким Жоң Уң өзінің келіссөздерге ашық екенін және Пхенчханда өтетін қысқы Олимпиада ойындарына спортшыларын жіберуге ниет білдірді.

Жапонияның Сыртқы Істер министрі Солтүстік Кореяның бірден "жұмсақ мінез" таныта қалғанына күдікпен қарайтынын жеткізді. Ол: "Кейбір адамдар Солтүстік Кореяның келіссөздер жүргізуге жасаған қадамдары үшін санкциялардың бірқатарын жеңілдету керек деген бастама көтеріп жүргенінен хабарым бар. Менің ойымша, бұл Солтүстік Кореяның уақыт ұтуға жасаған амалы" - деді.

Ванкуверде өткен кездесуді АҚШ пен Канада ұйымдастырды және 20 мемлекеттің арасында Қытай мен Ресей болған жоқ. АҚШ-тың тарапынан Солтүстік Кореяға қажетті қысым шараларын жүзеге асырмай отыр деген айып тағылған қос мемлекет жиынға шақырылмады. Қытайдың Сыртқы Істер министрлігінің баспасөз хатшысы Лю Канг: "Бұл кездесуге Корей жарты түбегінен ешкім қатыспады. Сондықтан кездесуді заңды деп есептемейміз" - деп мәлімдеді.

“The Qazaq Times”