Тәжікстанның ішкі істер министрі Рамазон Рахимзода милиция қызметкерлеріне тез арада салмақ тастауды бұйырды. Бұйрықтың орындалуын қадағалауды арнайы комиссияға тапсырды деп хабарлайды «Орталық Азия хабар қызметі».

"Милиционер тола бастағанда, оның жұмыс істеуге қабылеті азая түседі. Біздің барлық қызметкерлеріміз жасы, бойы және салмақты сәйкестендіретін халықаралық кестеге сай болуы қажет. Кейбір қызметкерлердің салмағы бұл қалыпқа сәйкес келмейді. Оларға арықтауға тура келеді",- деді министр.

2016 жылдың желтоқсан айында Тәжікстанның ІІМ қызметкерлері арнайы нұсқау алған. Оған сәйкес, бойлары 168-170 сантиметр болатын милиция қызметкерінің салмағы 75 келіден аспауы керек. Егер салмақтары сәйкес келмеген жағдайда, қызметтерінен кетеді деген ескерту алған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, Тәжікстанның жалпы тұрғындары кедей болғанымен, жастары 20-дан асатын ер азаматтардың 31,2 пайызы және әйелдердің 30,5 пайызында артық салмақ бар. Сарапшылар мұны жергілікті тағамның ерекшелігімен байланыстырады. Тұрғындар ұн, қант және жануар майын көп қолданады.

“The Qazaq Times”