Германияның полиция қызметкерлері Польшадан америкалық әскери техникаларды тасып бара жатқан көлік керуенін тосып, олардан айыппұл төлеуді талап етті. Бұл туралы Германияның жергілікті ақпарат құралдарына сілтеме жасай отырып BBC-дің ресми сайты жазды.

Полиция жақ аталған көлік керуені Германияның шығысындағы Оберлаузиц-Норд авто дәлізінде тоқтатылған және олардан бірнеше заң бұзу әрекетін тапқан. Айталық, бұл әскери техникаларды алып бара жатқан жүргізушілердің құжаттары да толық емес көрінеді. Германия полицейлерінің мәліметіне қарағанда, кейбір жүк көліктеріне артық жүк тиелген және әскери техниканы қорғап жүруші арнайы көліктер де жоқ екен.

Мәліметтерге қарағанда, көлік керуені Howitzer M109 түріндегі  артиллерияларды  алып бара жатқан. Олардың әрбірінің салмағы шамамен 20 тоннаны құрайды. Олар арнайы айып алаңына тоқтатылған және Польшаның тасымал компаниясы мен жүргізушілері айыппұл төлеуі мүмкін екен.

АҚШ өндіретін Howitzer M109 әскери техникалары 1962 жылдан бастап шығарылған. Оны импорттайтын елдер негізінен Оңтүстік Корея, Германия және Израиль қатарлылар.

“The Qazaq Times”