Польша президенті Лех Качинскийдің ұшағы бортта болған жарылыс салдарынан апатқа ұшыраған.

Польша Қорғаныс министрлігінің әуе апаттарын қайта тексеру жөніндегі комиссиясының мүшесі, халықаралық сарапшысы Фрэнк Тейлордың ойынша, Качинский мінген Ту-154 ұшағы бортта болған жарылыс салдарынан апатқа ұшыраған. Тейлордың ұшақ есігінің соққыға әсер ету механизіміне жасаған талдаулары нәтижесінде Президент лайнерінде бір ғана жарылыс болмағандығы анықталған. Тексеру жұмыстарының қорытындысы бойынша, Качинский ұшағының бортында бір уақытта үш бірдей жарылыс болғаны анықталған.

Естеріңізге салайық, 2010 жылы сәуір айының 10-ы күні Ресейдің Смоленск қаласы түбінде Польша президенті Лех Качинский мінген Ту-154 ұшағы апатқа ұшыраған. Салдарынан ұшақ бортында болған 96 адамның барлығы оқиға орнында көз жұмған. Бұл кейіннен халықаралық дау туғызып, оқиғаға қатысты тараптардың көзқарасы екіге жарылған. Бірі президент ұшағының апатқа ұшырауына Ресей кінәлі десе, енді бірі апат ұшақтың техникалық ақаулары салдарынан болды деп есептейді.

“The Qazaq Times”