Сүриядағы Ресейдің әскери базасына тағы да шабуыл жасалды. Латакия провинциясындағы Хмеймим әскери базасына дрон арқылы шабуыл жасағандардың кім екені анық емес. Ал, Ресей жақ айыпты «Ислам мемлекеті» деп аталатын террорлық ұйымға артып отыр. Бұл туралы BBC-дің ресми сайты хабарлады.

Хабарға қарағанда шабуыл 6 қаңтар кеште болған. Бұл туралы алғаш рет хабар таратқан «Orient News» басылымының айтуынша, базаға жақындаған дронды қорғаныс жүйесі байқап қалған, кейін дронға қаратылып оқ атылған. Десе де оның қандай нәтиже бергені анық айтылмапты.

Базаның маңынан табылған қолдан жасалған дрон. Фото: Военный обозреватель.

Ал, «Араб21» басылымының хабарында, ұшқышсыз ұшу аппаратына қарсы оқ атылудан бұрын базада жарылыс болған және қауіпсіздік жүйесі сирена жасаған. Аталған басылым ақпарат көзі ретінде Сүриядағы оппозициялық күштерді көрсеткен. Сүриялық журналист Кеврок Алмассиан әлеуметтік желі парақшасында базадағы ресейлік жауынгерлердің жаралы болғанын жазыпты.

Сүриядағы Адам құқықтарын қорғау ұйымы мәлімет таратып, шабуылдың «Ислам мемлекеті» күштерінің Латакиядағы базасынан жасалғанын айтқан. Ресей сайттарының хабарына қарағанда, базаның маңынан жасалуы өте қарапайым дронды табылған. Дегенмен, шабуыл туралы Ресей Қорғаныс министрлігі ешқандай мәлімет таратпады. Бұл Сүриядағы Ресейдің әуе базасына жасалған бір апта ішіндегі екінші реткі шабуыл.

“The Qazaq Times”