Ғаламтордың, ондағы әлеуметтік желілердің дамуы қоғамдағы көптеген процестерге қарқын беруде. Бүгінгі таңда көптеген елдегі қандай да бір толқулар, өзгерістер алдымен немесе болмыспен қатар әлеуметтік желіде де туындайды. Оған себеп көп және түсінікті. Айталық Украинадағы әлеуметтік толқуларға Facebook әлеуметтік желісінің ықпалы көп болды. Қоғамның осындай ашық әрі еркіндігін қауіп деп санайтын биліктер әлеуметтік желілерді тізгіндеуді есінен шығарған жоқ. Оған мысал ретінде Қытай қатарлы бірнеше елді атауға әбден болады. Бірақ жақында ғана болған Иран дағдарысы әлеуметтік желі цензурасының қоғамдық дүмпуге тосқауыл бола алмайтынын аңғартқандай болды.

Иранда 28 желтоқсанда басталған үкіметке наразылық ереуілдер он күнге жалғасын тапты. Билікке қарсы және билікті жақтаушы топтардың шерулері  елде 2009 жылдан бергі ең ірі толқуды тудырды. Бірақ Ирандағы демонстраттар мен үкімет арасындағы күрес тек  ереуілшілер жүріп өткен көшелерде ғана емес, әлеуметтік желілерде де күшті жүрді.

2009 жылы президенттік сайлаудың нәтижелері бұрмаланғаны үшін жасалған наразылық кезінде қарсылық білдірушілер Фейсбук, Твиттер және YouTube желілерін пайдаланған. Бірақ осыдан кейін Иран билігі бұл желілерге ел көлемінде шектеулер қойды. Бұл жолы демонстранттар  «Мессенжер» мен «Телеграмм» желілерін пайдаланды. Иранда Телеграмм желісін пайдаланатын 40 млн адам бар. Елге дербес ақпарат өкілдері кіргізілмесе де ереуілдегі жағдайлар әлеуметтік желі арқылы әлемге таралып жатты.

Иран үкіметі өздерінің әлеуметтік желідегі күреске де дайын екенін анық көрсетті. Үкімет лауазымдылары да Твиттер арқылы «бүлікті айыптап» жатты. Бірақ Иран режимінің желімен күресі мұнымен шектелмейді. 2010 жылдан бастап ел үкіметі желідегі қауіпсіздік мәселесін жедел дамытты. Оған Иран ядролық бағдарламасының компьютерлік инфрақұрылымы Stuxnet вирусынан зардап шегуі себеп болды. Арнайы кәсіби хакерлер жалданды, бұл орган кейін «Иран кибер армиясы» деп аталды. Бұлардың бәрі де елдегі әлеуметтік желілерді бақылауға толық мүмкіндігінің бар екенін көрсетеді.

Бұл реткі дағдарыс кезінде Иран билігі «Уақыттық шара» деп «Телеграмм» және «Мессенжер» желілеріне тосқауыл қойды. Әрі әлеуметтік желілерді көз алмай бақылап отырды. Тіпті BBC-дің айтуынша, үкімет көптеген фейк аккаунттар арқылы қарсылық шараларына қарсы түрлі жазбалар мен видеолар таратқан. Дегенмен олардың арнайы жасалған аккаунттар екені олардың тіркелген уақыты мен жазылған адамдарының аз болуымен-ақ белгілі болды.

Әлеуметтік желіде «үкімет аккаунттары» мен демонстранттардың аккаунттары аянбай «алысты». «Үкімет аккаунттары» фейк видеолар арқылы наразы топтарды басбұзар, көше содыры, тонаушы етіп көрсетуге тырысса, қарсы топ, сондай әрекетке барғандарды ұстап заң бойынша жазаға тартуды сұрап жатты. Тіпті,  Твиттерде жаңа аккаунт құрып, ереуілшілерге қарсы тұрған арнайы қызметкерлердің атын, суретін шығарып таратты.

Ирандағы ереуіл кезінде ең көп қолданылған хэштег – #nationwide_protests (жалпы ұлттық наразылық). Би-Би-Си-дің мәліметіне қарағанда, аталған хэштег үкіметке қарсы ереуіл басталғаннан қазірге дейін  470 мың рет қолданылған. Ал қолданылған хэштегтерге жасалған анықтау мәліметі бойынша, наразылықты қолдаушылардың қолданған хэштегтерінің көбі Сауд Арабиясы тарабынан келген екен. Ал кейбір ереуілші топтар #nationwide_riots, яғни ұлттық көтеріліс деген хэштегтерді пайдаланған.

Иран жағдайы көршілес аймақтар мен елдерге, соның ішінде авторитарлы режимдегі елдерге үлкен сабақ бергені анық. Көлемді әлеуметтік толқулардың түпкілікті қозғаушысы әлеуметтік желілердің еркіндігінен емес, керісінше әлеуметтік теңсіздіктерге, ел халқының пікірімен санаспаушылықтан туындайтынын анықтап көрсетті. Елімізде әлеуметтік желілерге еркіндік берілгенімен, ондағы тұтынушылардың пікірлері мен наразылығына қаншалықты көңіл бөлініп жатқаны көпке мәлім. Елдегі реформаға бейім интернет пайдаланушы өкілдерінің пікірі мен сынында осы қоғамның өзекті проблемалары жатқанын сезетін билік байқалмайды. Бұның өзі биліктің ел болашағына қаншалықты жауапкершілікпен қарайтынын көрсетіп бермей ме?!

“The Qazaq Times”