Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев араға 20 жыл салып Тәжікстанға ресми іс-сапармен бармақ.

6 қаңтар күні Ташкент облысында депутаттар алында сөйлеген сөзінде Тәжікстанмен арадағы қарым-қатынас жайында әңгіме қозғаған. Ол онда: «Мен жақын уақытта Тәжікстанға ресми іс-сапармен барамын. Оған дейін премьер-министр Абдулла Әріпов Душанбеге барып келіссөздер жүргізетін болады. Іс-сапар барысында Тәжікстанмен арадағы темір жол торабын қайта іске қосу мен ортақ электр энергиясы желілерін құруға байланысты құжаттарға қол қоймақпыз. Алыс шетелдермен жақсы қарым-қатынас орнату үшін бірінші көршілеріңмен тату болу керек», - деген.

Естеріңізге салайық, бұған дейін Шавкат Мирзиеев өткен жылы араға 20 жыл салып Анкараға ресми іс-сапармен барған болатын. Ол онда Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кезедсіп, бірнеше құжаттарға қол қойған. Жалпы, Шавкат Мирзиеев билік басына келгелі бері Ислам Кәрімов құрып кеткен жүйені толықтай өзгертуде. Бірақ шетелдік сарапшылардың сөзінше, оның қазіргі жасап жатқан жұмыстары елде саяси реформа жүргізілмейінше ешқандай нәтиже бермейді.

“The Qazaq Times”