Қытай шетелдік ірі табыскерлерге және ғалымдарға ұзақ мерзімді виза беретінін жариялады. Ұзақ мерзімді виза ғалымдарға, кәсіпкерлерге және технология өндіруші кәсіпорын жетекшілеріне қаратылған. Бұл туралы сол «People» басылымының ресми сайты хабарлады.

Аталған басылымның хабарына қарағанда, ресми Бейжің билігі түрлі саладағы ірі кәсіпкерлерді, технология өндірушілерді және жоғары дәрежелі мамандар мен ғалымдарды  елге тарту мақсатында, сондай-ақ, ел экономикасының дамуына үлес қосуға мүмкіндік беру үшін 5 жылдық және 10 жылдық визалар беретіні айтылған.

Аталған тұлғалар бұндай визаларды онлайн әрі тегін өтініш беру арқылы ала алады. Ұзақ мерзімді визаны алған адам бір ретте Қытайда 180 күн тұра алады және отбасы мүшелерін де әкеле алады.

Қытай шетелдік табыскер тұлғаларды елге тарту саясатын осыдан екі жыл бұрын жолға қойған. Қытайдың бұл бағдарламасына Нобель сыйлығының иегерлерін, ғалымдарды, нәтижеге жеткен спортшыларды, білікті университет оқытушылары және қаржы мамандары да кіреді.

Қытайдың бұл бағдарламаны жолға қоюдағы себеп – әлемнің екінші ірі экономикасын ұстап тұру және дамытуға Қытайдың  өзіндік тәжрибесі жеткіліксіз, оған қоса экономикасы дамыған Қытайдың қоғамдық салаларында кенже қалған тұстары аз емес. Бұл тұрғыда Құрама Штат пен Ұлыбританияның тәжрибесі Қытайға ауадай қажет.

“The Qazaq Times”