Иран билігі бастауыш мектептерде ағылшын тілін оқытуға тыйым салды – деп хабарлайды Reuters ақпарат агенттігі.

Агенттік мәліметінше, Иран Ислам Республикасының рухани көсемі Аятолла Хаменей елдегі бастауыш мектептерде ағылшын тілін оқытуға тыйым салған. Хаменейдің ойынша, Иран балалары жастайынан ағылшын тілін үйрену арқылы батыс мәдениетін бойына сіңіруде.

Аятолла Хаменейдің бұл бастамасын Иран мемлекеттік жоғары білім кеңесінің басшысы Мехди Навид-Адхамта қолдаған. Ол аталмыш жағдайға байланысты мәлімдемесінде: «Мемлекеттік және жеке меншік бастауыш мектептерде ағылшын тілін оқыту Конституцияға қайшы», - деген.

Айта кететін бір жайт, біздің елемізде ағылшын тілін былай қойғанда бастауыш сыныптарда қазақ тілімен қатар орыс тілі де оқытылады. Осыдан бірнеше жыл бұрын «үш тілдік» білім жүйесіне қоғам тарапынан туындаған қарсылыққа қарамастан Білім және ғылым министрлігі аталмыш жүйені енгізген болатын.Осыдан кейін қазақ балалары мектеп бітіріп шыққанда қай тілде ойлайтынын айту қазірдің өзінде қиын.

“The Qazaq Times”