Иранның ресми ақпарат көздерінің хабарлауынша, солтүстік-шығысында орналасқан Машһад қаласында 4 қаңтардан бастап, осыдан тура бір апта бұрын басталған ереуілдерді айыптаған халықтық шерулер басталды. Шеруге қатысушылар «Америка өлім!», «Израиль өлім!» деп ұрандап, қазіргі ИИР режимін қолдайтындықтарын білдірген.

ИИР-ның жоғары лауазымдылары арт-артынан мәлімдеме жасап, елдегі дағдарыстың себебін сыртқы күштерге итеруде. Айталық, Бас прокуроры  Мұхамад Жафар Монтазари Ирандағы халықтық ереуілдердің басты жобалаушысы ретінде АҚШ Орталық барлау басқармасының Лаңкестікпен күрес бөлімінің жетекшісі Майкл Андриа деп көрсетті.

Елдегі Ішкі істер департаментіне қарасты қарулы күштердің бас қолбасшысы, генерал-майор Мұхаммад Әли Жафари да мемлекеттік телеарнада сөз сөйлеп: «АҚШ және оның Иранға қарсы одақтастарының елімізде жасаған бүлігінің басты мақсаты, адам өлімі болды дегізу, әрі оны Иран үкіметінің мойнына артып қойды. Алайда, ирандықтардың көбі олардың бүлігіне ілескен жоқ. АҚШ және Батыс елдері Иранның бейбіт халқына жаны ашитын болса, онда оларға санкция салмаған болар еді», – деді.

Иран Конституциялық кеңесінің хатшысы Аятолла Жәннати кеңес мүшелеріне жасаған мәлімдемесінде: «АҚШ, Израиль, Сауд Арабиясы және Ұлыбритания қатарлы Иранның қас жаулары елдегі бүлікке қолдау көрсетуі олардың мақсаты мұсылман халықтың тұтастығын бұзу екенін анық көрсетті», – деген.

Аталған елдің СІМ басшысы Мұхаммад Жавад Зариф те өзінің Твиттер парақшасында Трампты сынға алып: «АҚШ президенті ирандықтарға «ерекше құрмет көрсету үшін» ерекше жолды талдады.  Ол ирандықтарды «лаңкестер» деп, АҚШ-қа баруына шектеу қойды, Парсы шығанағының атын өзгерткісі келді, Иран ядролық келісімін бұзып, экономикалық қысым жасады, сүйте тұра елдегі бүлікке қолдау көрсетті», – деп жазғырды.

Қорғаныс министрі мәлімдемесінде: «Америкалықтар әлемнің әр қайсы жеріндегі сәтсіздіктерін өзгелерден көріп, сионистік режимнің стратегиясын іске асыруда», – деген.

Міне бұлар Иранның ресми лауазымды тұлғаларының елдегі дағдарысқа қаратқан көзқарастары. Жалпы елде осыған дейін де халықты Батыс елдеріне, әсіресе АҚШ пен Ұлыбритания, Израиль мен Сауд Арабиясына қарсы қою басты идеологиялық бағыт ретінде ұсталып келеді.

Қазір елде үкіметті жақтаушылардың ереуілшілдері жалғасуда, бұл шерулерді үкімет ұйымдастырған болуы да мүмкін. Алайда, бұл халық санасының ыдырауына, режимді жақтаушылар мен қарсы тұрушылар арасында араздыққа апаруы бек мүмкін. Иран үшін дағдарысты шешудің жолы халықтың санасын алдарқатудан көрі, нақты әлеуметтік, экономикалық проблемаларды шешуде қалса керек.

“The Qazaq Times”