Ұлыбританияның заң шығарушылары кофеге арналған  бір рет қолданылатын ыдыстар үшін "латтеге арналған салық" түрін енгізуді ұсынып отыр. Яғни ірі қалалардағы қоқыс мөлшерін азайту мақсатында аталған ыдыс түріне 25 пенс (шамамен 100 теңге) артық төленуі мүмкін. Ал алдағы 5 жыл ішінде бұл ыдыс түрлеріне мүлде тыйым салу ұсынылды.

Экологиялық аудит жөніндегі парламент комитетінің баяндамасында айтылғандай, жыл сайын британдықтар кофе ішу кезінде 2,5 миллиардтан аса бір реттік кофе ыдысын қоқысқа тастайды екен. Бұл шамамен 30 мың тоннаны құрайды. Ал оның тек 0,25 пайызы ғана қайта өңделеді. Себебі кофе ыдыстары қатты картон мен полиэтилен қоспасынан жасалғандықтан оны бір бірінен бөліп алу қиын. Сондықтан бұл ыдыс түрлері қағаз немесе целлюлоза комбинаттарында қайта өңдеп шығуға қабылданбайды екен.

Комитеттің мәліметінше, жаңа салықтан түскен қаржыны бір реттік стақандарды және осыған ұқсас қоқыс түрлерін қайта өңдейтін арнайы кәсіпорын ашуға жұмсауға болады. Сондай-ақ, комитет кофе сататын орындарды утилизация үшін артық төлеуге және ортаға келтіріп отырған зияндар туралы тұтынушыларға ақпарат беретін жазбаларды көбейтуге міндеттеуді ұсынып отыр. The Guardian ақпарат агенттігінің мәліметінше, қазіргі кезде кейбір кофе сататын орындар өздерінің стақанымен немесе шыныаяғымен келген клиенттерге жеңілдіктер жасауды қолға алған, бірақ мұның өзі тек 1-2 пайызды ғана құрайды.

Бұдан бөлек, желтоқсан айында экологиялық аудит жөніндегі комитет Ұлыбритания үкіметіне қалдықтардың мөлшерін азайту үшін пластикалық бөтелкелерге депозиттік төлемдер жүйесін енгізуге кеңес берген.

“The Qazaq Times”