АҚШ пен Оңтүстік Корея Пченханда ақпанның 9-ы басталатын Қысқы Олимпиада ойындарына орай бірлескен әскери жаттығуларын тоқтатады. Мұндай шешім Оңтүстік Корея Президенті Мүн Жайн мен АҚШ-тың мемлекет басшысы Дональд Трамптың  телефон арқылы сөйлесу кезінде қабылданды. Бұл туралы ВВС ақпараттық агенттігі жазды. 

Солтүстік Кореяның Оңтүстік Корея тарапынан жасаған Олимпиада ойындарына Пиоңяңнан спортшылардың қатысуын нақтылау үшін кездесу өткізу туралы ұсынысын қабылдағаны қос ел қарым-қатынасына жаңа үміт сыйлады. Дональд Трамп қос тараптың қатысуымен келесі аптада өтетін жоғары деңгейлі кездесуді "жақсы дүние" деп бағалады. АҚШ-пен бірлескен әскери жаттығулардың тоқтатылуына тағы бір себеп - Пиоңяң басшыларының Оңтүстік Кореяға қарай алғашқы қадам жасаған тұсында, оны қайта "ашуландырып алмау".

Дегенмен, Америка өкілдерінің кейбір болжамына қарағанда, олардың Корей түбегіндегі тыныштықты сақтауға мүдделі екені байқалмайды. Мәселен, АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі Никки Хейли: "Біз бұл келіссөздерге Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасын тоқтататын әрекет жасалмайынша, лайықты баға бере алмаймыз", - деп мәлімдеді. Ал Ақ үйдің әскери жаттығулар тоқтатылғаны туралы ресми баяндамасында Дональд Трамп пен Мүн Жайн Солтүстік Кореяға қысымды арттыру үшін тиісті шараларды жалғастыра беруге келіскені айтылған.

“The Qazaq Times”