Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының өтініші бойынша, Ұлыбританияның дәрігерлері мен медбикелерінен жасақталған топ Рохинджа мұсылмандарына шұғыл медициналық көмек көрсетуге барады. Қырық дәрігерден тұратын алғашқы құрам  Бангладештегі Кокс Базар аумағында орналасқан босқындар лагеріне аттанды. Қазір онда Мьянмадағы қақтығыстан кейін өмірін сақтап қалу мақсатында Бангладешке келген 600 мың мұсылман тұрады. Бұл туралы ВВС ақпараттық агенттігі жазды. 

Ұлыбритания дәрігерлерінің дифтерия дертіне қарсы күресі 6 аптаға созылады. Соңғы деректер бойынша, індеттің кесірінен 27 адам қаза тауып үлгерген. Ал күн сайын ауруға шалдыққан 160 жаңа науқас тіркеледі.

Medecins Sans Frontieres қайырымдылық ұйымының хабарлауынша, олардың жергілікті аумақта жұмыс істейтін медициналық көмек орталықтарында 2 мыңға жуық адамда індет белгілері байқалған. Олардың басым көпшілігі - 5-14 жас аралығындағы балалар. Аурудың белең алуына санитарлық талаптарды сақтау мүмкіндігінің болмауы, екпе жүргізілмеуі мен босқындар лагеріндегі таза ауыз су тапшылығы себеп болып отыр.

“The Qazaq Times”