Соңғы кездері Қытай үкіметі Орта Шығыс елдерімен болған қарым-қатынасын дамыта түсті. Бұл үрдіс Бейжіңде қазан айында өткен ҚКП-ның құрылтайынан кейін тіпті жандана түсті. Құрылтайда Қытай басшысы Ши Жинпиң алға қойған «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасын жүзеге асыру Қытайдың даму стратегиясының негізі ретінде бекітілген еді.

Қытай жақ  Пәкістанда 57 млрд АҚШ доллары құнына ие «Қытай-Пәкістан экономикалық дәлізін» салуды бастады. Одан сырт, Ауғанстан мен Пәкістан қарым-қатынасын жақсарту үшін екі елдің СІМ басшыларын Бейжіңге шақырды.

Бір апта бұрын Қытай СІМ-і мәлімдеме жасап, Біріккен Араб Әмірлігімен визасыз режимді жолға қойғанын ресми хабарлады. Қытайдың дипломатиялық тарихында визасыз қарым-қатынас жолға қойған елдері санаулы ғана. БАӘ болса мұның 11-шісі болып тіркелді. Осыған дейін Біріккен Араб Әмірлігі Қытай азаматтарына визасыз келіп-кетуіне рұқсат берген.  21 желтоқсанда қол қойылған келісім, екі күннен кейін ресми мәлімдеме жасалып, алдағы жылдың қаңтар айынан бастап жүзеге асырылатын болды.

Қытайдың Орта Шығыс елдеріндегі ықпалды әрекеттері тек бұл ғана емес. Екі күн бұрын Ирактың Мұнай министрі жасаған баспасөз мәслихаты кезінде Ирак жақ күніне 40 мың баррель мұнай өндіруді жүзеге асыру үшін Қытай мұнай өңдеуші ұлттық компаниясымен 5 жылдық келісімшартқа қол қойғанын хабарлады. Қытайдың «Zhonghua» мұнай компаниясы Ирактағы мұнай өңдеу орындарының құрылыстарымен қатар, маңындағы елді мекендерде мектеп, аурухана және балабақша құрылыстарын да өз мойнына алған.

Қытай бұл қадамдарды аталмыш «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында жасалып жатқаны анық. Қытай экономкасының Орта Шығыс елдеріндегі ықпалының артып келе жатқаны байқалады. Орта Шығыс қайшылықтарында, қақтығыстармен келісімдерде Бейжің дерлік бейтарап ұстанымда келеді. Ал, Иерусалим мәселесінде Араб елдері мен мұсылман мемлекеттердің ығына жығылуы да Қытай билігінің бұл өңірдегі мүддесіне орай қолданған саясаты деуге болады. Дегенмен, өңірдегі елдерде Қытай экономикалық дәлізімен өзге де қадамдарына кедергілер де жоқ емес. Айталық, түрлі террорлық топтардан сырт, ұйғырлардың дербестігін қолдаушы топтардың да кедергі жасауға тырысатыны анық.

“The Qazaq Times”