Тәжікстан Google, Microsoft, Facebook және Apple компанияларына ел аумағында жұмыс істегені үшін салық төлетпек.

Бүгін Тәжікстан Салық комитетінің басшысы Нусратулла Давлатзода ел президенті Эмомали Рахмонға Google, Apple, Microsoft, Facebook, eBay, Aliexpress, Yahoo компанияларына салық төлетуге байланысты хат жолдаған. Ол онда: «Ғалматорда болып жатқан дүниелерді қадағалайтын уақыт келді. Салық кодексіне ел аумағында жеке тұлғаларға электронды қызмет көрсететін шетелдік компанияларға қосымша құн салығын төлетуге байланысты өзгертулер мен толықтырулар енгізу қажет. Бұл ел бюджетіне қомақты қаржы әкеледі» - деген.

Бұдан бөлек ол салық кодексін өзгертуде Ресей тәжірибесін мысалға келтірген. Давлатзоданың сөзінше, Ресей Google, Yahoo, Facebook сынды 100-ге жуық шетелдік компаниядан айына 2 миллиард рубль қосымша құн салығын алады. Бұл Ресей бюджетін жылына 24 миллиард рубльге байытып отыр. Оның үстіне соңғы жылдары халықаралық телефон қоңыруаларынан түсетін салық көлемі азайған. Себебі Тәжікстан халқы жаппай Facebook, Whats App сынды мессенджерлерді пайдалануға көшкен.

“The Qazaq Times”