«Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясына бұрын пайдаланылған пут опцион құқығы бойынша «Westinghouse» акциялары үшін 522 млн доллар көлемінде ақы төленді. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады. 

Компанияның мәліметінше, «Қазатомөнеркәсіп» 2007 жылы «Westinghouse» акцияларын «Toshiba» корпорациясынан 540 млн долларға сатып алған. Пут опцион Шартына сәйкес «Қазатомөнеркәсіп» өз акцияларын белгіленген бағамен 522 млн долларға «Toshiba» корпорациясына қайта сату құқына ие.

Сондай-ақ, компания таратқан мәліметке қарағанда, 2017 жылғы наурызда америкалық «Westinghouse» (жапондық «Toshiba» корпорациясының еншілес компаниясы) АҚШ-тың Банкроттық туралы кодексінің 11-бабына сәйкес банкроттық рәсімдерін бастау жөнінде сотқа өтініш берген.

"Пут опцион Шартына сәйкес «Toshiba» корпорациясы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-дан «Westinghouse Electric» компаниясының 10% акциясын сатып алды", - делінген баспасөз хабарламасында.

Акцияларға иелік еткен кезеңдегі 103 млн доллар мөлшеріндегі дивидендтерді қоса есептегенде «Қазатомөнеркәсіп» салған қаржысын жалпы сомасы 625 млн доллар көлемінде қайтарып алған, бұл «Westinghouse» акцияларының бастапқы инвестициясынан 85 млн долларға көп.

“The Qazaq Times”