Қытай үкіметі Ши Жинпиңнің екінші өкілетті мерзіміне орай экономикалық даму жоспарын жария етті. «Ши Жинпиңнің экономикалық идеясы» алдағы уақытта әлемнің екінші ірі экономикасы саналатын Қытайға жетекшілік етпек. Шын мәнісінде бұл экономикалық жоспар саяси қызыл түске толы. Онда Ши Жинпиңнің орнын ерекше атап өткен. Сонымен бірге инновацияларға және «жоғары сапалы» өсуге баса назар аудару керектігі айтылған. Қытайдың бұл экономикалық жоспарын «WSJ» басылымы сараптады.

Аталған басылымның қарауынша, Қытайдың жаңа экономикалық жоспарында ауыр борыштарға жеңілдіктер қарастырып, мемлекеттік кәсіпорындарды ауыртпалықтан арылтудың нақты жолдары көрсетілмеген. Тіпті көптен бері шешім күткен жылжымайтын мүлік салығы туралы да жоспарлар да қарастырылмаған.

Сәрсенбі күні, Қытай Коммунистік Партиясының (ҚКП) Орталық комитеті экономикаға арналған арнайы отырысынан кейін жарияланған бұл жоспар осыған дейінгі Қытай Орталық үкіметінің экономика жоспарларының бірқатар тармақтары мен міндеттерін қайталаған. Айталық, жедел дамытуға батылдық ету, артық өнім өндіруді тежеу және шетелдік кәсіпорындардың артық сыйымдылығын және нарыққа еркін қол жетімділігін қысқарту қатарлылар. Сарапшылардың айтуынша, бұл міндеттемелердің кейбіреуі әлі толық іске асырылмаған.

Қытай үкіметінің жаңа жоспарында кедейлікті азайту мен ластануды барынша тежеу алдағы уақыттағы басты міндеттердің бірі ретінде қарастырылған. Әрі, бұл екі міндет Ши Жинпиңнің саяси мақсаттары екенін атап көрсеткен. Шын мәнінде, Қытайдағы көптеген шетелдік және сол елдің инвесторлары мен сарапшылар Ши Жинпиңнің өзінің жаңа ықпалын кейбір маңызды шараларды насихаттауға пайдалана отырып, Қытай экономикасының негізін бекемдеп, дамуына ілгерілетуге пайдаланады деп күткен. Себебі, Ши Жинпиңнің соңғы бірнеше он жылдағы Қытай басшыларының арасында ықпалы мен билігі ең үлкені болды. Алайда, жаңа жоспардан инвесторлар мен сарапшылардың үміті ақталмағаны байқалады.

Кейбір сарапшылардың пікіріне қарағанда, ең қызығы, бұл экономикалық жоспарда саяси түске басымдық берілген, бүкіл жоспардың негізі экономикалық дамудан гөрі тұрақтылықты сақтап тұруға бағытталған. Бес жыл бұрын, Ши ҚХР-ның билігін қолына алған кезде алғашқы экономикалық жоспарын жариялап, нарыққа жол беру Қытай экономикасының шешуші рөлі болып қала беретінін айтқан еді. ҚКП-ның құжаттарында әдетте бұны социалистік нарықтық экономика деп атайды. Ал, «Ши Жинпиңнің жаңа дәуірдегі қытайлық бірегейлікке ие социализм идеясында» нарықтық экономиканың аты да жөнді аталмаған. Жаңа экономикалық жоспарда Шидің теориясы соңғы бес жылда Қытайдың экономикалық дамуына жәрдемдесуші теориялық кристаллизациясы деп қарайды, әрі, бұл қытайлық бірегейлікке ие социалистік экономиканың жаңа жетістігі деп бағалаған.

Аталған жоспарда келесі жылдан бастап несие көлемін арттыратыны айтылған. Бұл Қытай үкіметінің экономикалық өсу мақсатына қол жеткізу үшін көп қарызға жол беретінін білдіреді. Келесі жылы ЖІӨ-нің көрсеткіші 6,5 пайызды құрап, биылғы жылмен қарайлас болады деп күтілуде.

Қытайдың соңғы жылдардағы қарыз деңгейі экономикалық өсу қарқынынан асып түсті. Нәтижесінде, Қытайдың кредиттік рейтингі төмендетілді. Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк Қытай үкіметіне қарыз мәселесін болдырмау туралы ескерту жасады.  Соңғы екі жылда Қытай үкіметінің қолдау көрсету, қарыз беру істері экономикалық саясатының маңызды бөлігіне айналды. Дегенмен, экономикалық тұжырымдаманы қалыптастыру үшін өткен  жабық отырыс кезінде, кейбір лауазымды тұлғалар, экономикалық өсімді қамтамасыз ету кезінде қарыз беруді қысқартудың мүмкін емес екенін алға қойды.

Қалайда, «Ши Жинпиңнің идеясы» Қытай үшін жаңа реформаның негізі. Қытай экономикасының дамуын жебеу реформасы 80-ші жылдардағы АҚШ-тағы реформаға ұқсамайды. Сол кезде АҚШ президенті Рональд Рейган кәсіпорындарға салық салуды қысқарту арқылы өндіріс пен инвестицияларды кеңейтуге шақырған еді. Қытайдың жебеуші реформасы 2015 жылдың соңына қарай басталды. Оның басты мақсаты – ұзақ мерзімді экономикалық қиыншылықтарды шешу. Айталық, өнеркәсіптің мүмкіндігі мен қуатын арттыру; Қарыздың ең жоғары деңгейі және жылжымайтын мүлік нарығындағы теңсіздік мәселелерін шешу.

Қазіргі кезде жебеушілік реформада жаңа тың бағыттарға басымдық берілді. Яғни, қарыз беруді қысқарту туралы жоспар көрсетілмеді. Бірақ Қытайдың экономикалық даму жоспарының маңызды деп тапқан бағыттары  құрылымдық реформаларды жүзеге асыруды жалғастыру, артық өндірісті тежеу және инновациялар мен жоғары сапалы дамуға назар аудару болып қалды.

“The Qazaq Times”