2017 жылы қазақстандық жоғары оқу орындары 82,8 мыңнан аса маманды дайындап шығарған. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 5,1%-ға аз.

Finprom.kz сараптама агенттігінің мәліметінше, күндізгі бөлімде оқыған түлектердің саны соңғы төрт жылға қарағанда ең төменгі деңгейге жеткен және оқу ақысының қымбаттауына байланысты күндізгі бөлімде оқығысы келетін студенттердің саны уақыт өткен сайын азайып барады. Мысалы биыл ЖОО-ға  101,3 мың адам түскен, алайда бұл осыдан бір жыл бұрынғы көрсеткішке қарағанда 4,1%-ға аз болып отыр.

Жоғары оқу орындары соңғы кезде студенттерді бағалауды қатаңдату арқылы білім сапасын бақылауды күшейткен. Осыдан кейін күндізгі бөлімде оқитын түлектердің 83,4 мыңы ғана мемлекеттік аттестациядан өткен. Бұл өткен жылға қарағанда 4,4%-ға төмен және соңғы 5 жылдағы ең төменгі көрсеткіш.  Сондай-ақ, мемлекеттік аттестациядан өткен барлық студенттің тек 14,2%-ы ғана үздік дипломға қол жеткізген.

Тағы бір айта кететін жайт, ресейлік ЖОО-да оқып жатқан шетелдік студенттер арасында қазақстандықтардың саны бірнеше жылдан бері бірінші орында тұр. 2015-2016 жылдары жоғары білім алу үшін 73 000 студент Ресейге кеткен. Ал биыл 96 мың шетелдік студенттен Ресейде білім алу туралы өтініш келген. Оның ішінде саны бойынша әдеттегідей Қазақстан студенттері көш бастап тұр. Себебі Ресейде басқа елдерге қарағанда оқу құны арзан көрінеді.

“The Qazaq Times”