Бүгін Алматы қаласының әкімдігі, шаһар тұрғындары мен қонақтары, саяси ұйымдар мен партия мүшелері Тәуелсіздік монументіне гүл шоқтарын қойды.

Қала әкімі Бауыржан Байбектің қатысуымен болған ресми шарада әскери оркестр әнұран ойнады. Бірақ билік өкілдерінен ешкім құттықтау сөзін сөйлеген жоқ. Жиналған қауым ресми өкілдер алаңнан кеткеннен кейін, жылдағы дәстүр бойынша, 1986 жылы болған Желтоқсан оқиғасының құрбандарына құран бағыштады.

Фото: QT

1986 жылы болған Желтоқсан оқиғасында қанша адам құрбан болғаны әлі күнге дейін белгісіз. Қазақстан Тәуелсіз ел атанса да осы уақытқа дейін Желтоқсан оқиғасына өз деңгейінде саяси баға берілген жоқ.

2011 жылдан бері қазақстандықтар 16 желтоқсан күні Желтоқсан құрбандары мен қатар Жаңаөзен қаласындағы қанды оқиғаны қатар еске алады. Себебі дәл осы күні 2011 жылы Маңғызтау облысына қарасты Жаңаөзен қаласында билік қазақ халқына қарсы оқ атқан болатын. Ресми деректер бойынша, Жаңаөзен оқиғасында 16 адам көз жұмып, 100-ге жуық адам жарақат алған.

“The Qazaq Times”