Қытай мен Оңтүстік Корея басшылары Солтүстік Кореяның күн сайын дамып келе жатқан ядролық бағдарламаларына тосқауыл қою үшін күш біріктіруге уәде беріп отыр. Осыған орай Оңтүстік Корея АҚШ-тың зымыран қорғаныс жүйесін орнатудан туындаған қиындықтарды шешуге ынталы. Бұл туралы «WSJ» басылымы жазды.

Бейсенбі күні Қытай мен Оңтүстік Корея үкіметтерінің бірқатар өкілдері кездесу өткізді. Кездесу кезінде Қытайдың қауіпсіздік қызметкерлері мен Оңтүстік Корея президенті делегациясымен бірге келген журналистер арасында пікірталас туылды. Пікірталас арты қақтығысқа ұласа жаздап, екі журналист жарақат алған. Бұл екі үкіметтің еларалық қатынастарды реттеу процесіне кері әсерін тигізді.

Оңтүстік Корея президенті Мүн Жайнның Қытайға жасаған сапарының басты мақсаты екі ел арасындағы салқындықты тез арада сейілту. Алдағы қарым-қатынас қиындай түссе Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасын тежеуге ортақ жұмылу ісі де жүзеге аспайды. Ши Жинпиң мен Мүн Жайн Бейжіңдегі Халық кеңесі сарайында жоғары деңгейдегі кездесу өткізді. «Йонхап» (Yonhap News Agency) агенттігінің хабарына қарағанда, Мүн Жайн Қытай-Оңтүстік Корея қатынасының жаңа бастамасын ортаға салған.

Қытай басшысы Ши Жинпиң Қытай мен Оңтүстік Кореяның екі жақты қарым-қатынастарының келешегін бір-бірінің негізгі мүдделерін құрметтеу негізінде дамыту керек екенін айтқан. Ол және Оңтүстік Кореяның зымыран қорғаныс жүйесін орнату және оны пайдалануда Қытай мүддесіне қайшылық жасамауын үміт еткен.

Мүн Жайн мен Ши Жинпиңнің кездесуінен кейін бірлескен баспасөз мәслихатын өткізбеді және олар бірлескен мәлімдеме де жасамады. Кейбір сарапшылар бұл екі ел арасындағы қарым-қатынастың шиеленісуін білдіреді деп қарайды. Дегенмен, Оңтүстік Кореяның президенттік кеңсесі (Blue House) жасаған мәліметте, екі елдің көшбасшылары ядролық қарусызданған Корей түбегінің дамуы туралы өздерінің міндеттерін белгілеген және екі ел 1950-1952 жылдардағы Корей соғысының қайталануына жол бермеуге келіскен.

Өткен бір жыл Қытай мен Оңтүстік Кореяның қарым-қатынасы соңғы 40 жылдағы ең нашар деңгейге дейін түсті. Бейжің тарабы Оңтүстік Кореяның орнатқан зымыран қорғаныс жүйесін орнату Қытайдың ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіру деп айыптаған. Ал Оңтүстік Корея өз кезегінде Бейжің билігі Қытайда жұмыс істейтін корейлік супермаркеттерді жабу, кореялық поп-мәдениеттің Қытайға ағынын тоқтату және қытайлық туристерді Оңтүстік Кореяға сапармен жібермеу сияқты экономикалық жауап шараларымен айналысты деген айыптар таққан. Тек қазан айында ғана екі ел бұл шиеленістерді ретке салуға келісіп, Мүн Жайнның кезекті сапарында талқылауға уәделескен. Мүн Жайн сапарының сәтті, не сәтсіз болғаны, алдағы уақытта екі елдің қадамдарынан-ақ көрінері анық.

“The Qazaq Times”