Жауды көрсе жалтарудың орнына, қаймықпай қайрат танытатындарды жүрегінің түгі бар екен деп жатамыз. Батылдығын айқын аңғартатын азаматтардың балалық сәттердегі өзін-өзі ұстауы мен өзгелерден еректігін сөз қылатын да және біз. Олай етуміз жөнсіз де емес. Себебі, тебіренісі бір, тегеуріні тең, мақсаттары айқын жандар  алаңнан аяқ тартқан жоқ. Олардың барлығы бала шақтан ақ сол мақсатты мұрат етіп есейген еді. Алайда Алматыға келген арманшыл жастар, қиялындағы қаланың қапыда қазақтық болмыстан арылып бара жатқанын аңғарды. Осыған қатысты жинала берген ыза ақыры ышқына келіп, 1986 жылғы желтоқсан айының ортасында ақтарылды. Шыдамның шегі барын қаперден шығармау қажеттігіне есті көңілдің көзі жетті. Гүлбахрам Есмұратқызы Жүністің де сексен алтыншы жылдың желтоқсаны мәңгі жадында. Сол жылдан бүгінге дейін желтоқсан деген ұғымды ол бір сәтке де қаперінен шығарып көрген емес. 

- Алаңға сіз не үшін бардыңыз?

Бала күнімде атасы мен әжесінің тәрбиесінде болған намысқой едім. Алаңға шығып, намысшыл екенімді паш етпек ойым ешқашан да болған емес, алайда алғаш жұмысқа тұрғанда «Қазақ концерт» бірлестігінде өзімнің ұлтшылдығымды аңғартып қойыппын.

Желтоқсан жылдарында мен қалыптасқан, өз пікір-пайымы бар азамат болатынмын. 15-20 жастағы студент-жас емеспін ол жылдары. Сондықтан мен өз жерімде еркін тыныстап, еркін адым басуын қалайтын қызметкер болатынмын ол шақтарда. «Түріксіб туралы ән» деп аталатын фильмге түсіп жатқан жерімізден группамызды қайтарып жіберді. Не жағдай болып жатқандығынан  біз хабарсызбыз. 17 желтоқсан күні сағат үштер шамасында  Қапал-арасаннан «Қазақфильмге» келгенде ғана мән-жайға қанықтық.  «Қазақфильмдегілердің» алаңға барамақ ниеттері жоқ екенін білдім де, алаңға өзім келдім. Көзі ашық оқыған адамдар билікке талап-тілегін айтып жатқан болар деп келген мен алаңдағы жаңдайды көріп жаным түршікті. Соққы көріп, ұсталып, М.Әузов аудандық Ішкі Істер бөліміне әкеліндім.

Мына қызыққа қараңыз, ағаммен әскерде бірге болған Нұрлан деген кісі мені танып, камерадан шығарып, сұрақ алу бөлмесіне алдырды. Дәл ағамның өзіндей ескерту айтып, ұрсып, артқы есіктен шығарып, таксиге салып жіберді. Үйге келген соң мазасыз күй кештім. Отыра алмадым. Кимімді ауыстырдымда Мұхтар Әуезов театрына қарай жол тарттым. Әзірбайжан Мамбетов ағамыздың бөлмесіне кіріп барып едім, онда өнер саласының марғасқалары жиылып, алаңдағы жағдай мен халықтың екіұдай күйін талқылап отыр екен. Сол күні театрда әзіл-ысқақ кеші болуға тиіс екен. Залға лық толған халық артистерді күтіп отыр. Әзірбайжан ағаға менің пікірім әсер еткен болу керек, барлық қызметкерлерін алаңға баруға бұйырды. Тұңғышбай ағаның көлігіне мініп, Әзірбайжан аға, марқұм Сағи төртеуміз Абай мен Мир көшесіне жеткен кезде бізді тоқтатты. Әзірбайжан ағаның СССР халық депутаты екендігін көрсеткен құжатына қарамастан алаңды жауып тұрғандар соққыға ала бастады. Қазіргі Желтоқсан көшесінің бойында жатқан арықты көрсем сол сәт бүгінгідей көз алдыма оралады. Машинаны ұрғылай бастағанда мен сол арыққа секіріп түстім де, еңбектеген бойы қалың көптің арасына еніп кеттім, аман қалдым. Бірақ  тағы екінші мәрте ұсталдым.  Содан ісім сотқа беріліп, 5 рет сот болды.

- Ауыр соққы алған жоқсыз ба?

- Енді елге жария етпей жүруші едім, сыртым бүтін, ішім түтін демекші II топтағы мүгедекпін. Анамнан бұрын 33 жасымда зейнеткер атандым. Шыны керек, менің ғана жаным жылаған жоқ, анамның өзі көрген сайын «сұлу ғып туып едім, бет-аузыңнан түк жоқ» деп қынжылады.

- Отбасыңыз туралы айтыңызшы...

- Желтоқсандық буынның көбі ата-ана болу мүмкіндігінен айрылды. Табаннан сыз өтіп, басқа соққы, өзге мүшелерге тепкі тигеннен әкелік бақыт, аналық бақыттан адаланып, жетімдер үйінен, туған-туыс балаларын асырап алып жатқандар да бар. Осындай жағдаятты көріп-біліп жүріп қалай ғана желтоқсандағы болған оқиғаны ұмытуға болады. Мен сексен алтыншы жылға дейін тұрмыс құрып, перзентті болып үлгерген жайым бар. Сол ұлымнан немере сүйіп, әже атанып жүрмін. Бірақ, әрине желтоқсан ызғарынан соң балалы бола алмадым. Дегенмен осы жағыдайыма да шүкірлік етемін. Жолдасым 1998 жылы қайтыс болып кетті. Он екі құрсақ көтерген анамның сегіз перзенті бауырласып аман-есен күн кешудеміз. Көп балалы жанұяда өскендіктен, балаларымның көп болғанын қалап едім...

- Желтоқсандықтар деген кімдер деген сауалға қалай жауап қайырар едіңіз?

- Ел  мен Отанның, Егемендіктің нағыз күрескерлері деген анықтама берер едім, желтоқсандықтарға. Олар егеменді еліне еркелеуге толықтай хақылары бар. Ал біз еркелетпек түгілі өзектен теуіп жататын кездердің куәсі де болып жүрміз (жылап жіберді).

- Сіз ер мінездісіз ғой, көзіңізден жас көрем деген ой қаперіме кіріп-шықпапты, кешіріңіз?

-Ештеңе етпес, қайта сіз кешіріңіз, 86-ның желтоқсаны есіме түсіп  кетті.

- Сіз өзіңізді басқалардан өзгешемін деп ойлайсыз ба?

- Басқа желтоқсандықтардан не ерекшелігіңіз бар дегің келе ме, сонда? Көтеріліске қатысқан қыз-жігіттер  ар мен намысты мәңігілік ту еткен, арман-мақсаты ұқсас азаматтар. Сол ұқсастық пен құдайдың берген елге деген сүйіспеншілігінің нәтижесінде олар бастарын бәйгеге тікті. Мендегі намыс пен жүректілік желтоқсанда алаңнан табылған, қуғын көріп қызметіне босағандардың әрқайсысында бар. Ресей мен Америка, Қытай елдерін айдаһарлар деп атаймыз ғой. Олар емес, біз айдаһармыз. Тыныш жатқан айдаһардың құйрығын баспа деген. Рас, аңғалмыз, бірақ соған орай жүректілігіміз де бар.

Қашан қарасақ, батыл айтып, батырып сөйлеп, қазақ деген сөзді бір сәтке аузынан тастамайтын Гүлбаһрам Жүніс секілді желтоқсандықтар кездейсоқ желтоқсандық бола салмағандығына көз жеткізе түсеміз. Содан болар, алаштық арыстардың «Мен жастарға сенемін» деп кеткен жалынды сөзін желтоқсандықтар жалғастырып келе жатқан буын деген ойға қаласың....

Айнұр Төлеу

“The Qazaq Times”