БҰҰ бүкіл әлемде істен шыққан ұялы телефон, тоңазытқыш пен ноутбуктардың қайта өңдеуден өткізілмеген қалдықтары жиналып, қоршаған ортаға үлкен қауіп төндіріп отырғанын хабарлады. БҰҰ-ның Халықаралық Телекоммуникация одағының есебінше, 2016 жылы әлемдегі электрондық қалдықтардың көлемі 44,7 млн тоннаны құраған. Ресми баяндамада бұл қалдықтардан 4 мың 500 дана Эйфел мұнарасын құрастыруға болатыны көрсетілген. 

Ғалымдардың болжамы бойынша, 2021 жылға қарай электронды қалдықтардың көлемі 52,2 млн тоннаға дейін артады. Интернет технологиялар мен заманауи гаджеттерге тәуелділік артқан сайын, оларды тұтыну коэффициенті өсе береді. Баяндамада қоқыс өртеу зауыттары мен жарамсыз заттарды тастау аймақтарының санын қысқарту үшін электронды қалдықтарды қайта өңдеуді жолға қою керектігі көрсетілген. Мәселен, өткен жылы бүкіл қоқыстың небәрі 20 пайызы ғана өңдеуге жіберілген.

Ғалымдар электронды қоқыстарды қайта өңдеу шикізат шығынын қысқартады деп отыр. Мәселен, электронды құрылғыларда кездесетін микробөлшектер мен алтын сияқты бағалы металлдарды сұрыптап алып, келесі техниканы құрастыруға қолдану 55 млрд $ пайда әкелуі мүмкін. Ал бұл кейбір мемлекеттердің ұлттық экономикасынан да көп қаржы.

“The Qazaq Times”