Бүгін Оңтүстік Корея президенті Мүн Жайн Қытайдағы ресми сапарын бастады. Бұл оның президент болғаннан бері Қытайға жасаған алғашқы ресми сапары. Қытай басшысы Ши Жинпиң Корея президентімен кездесіп, екі елдің жоғары лауазымдылары бас қосқан келіссөз мәжілісін өткізді. Бұл туралы «People» басылымының ресми сайты хабарлады.

Хабарға қарағанда Мүн Жайннің Қытайдағы ресми сапары үш күнге жалғасады. Екі ел арасында маңызды келісімдер жасалып, Корей түбегі, Оңтүстік Қытай теңізі мәселесі және өзгеде салмақты тақырыптар ортаға салынады деп күтілуде.

Оңтүстік Кореяның билік басына Мүн Жайн келерден бұрын Қытай мен Оңтүстік Корея арасында дипломатиялық дағдарыс болып келді. Корей түбегі мәселесіндегі ұстанымдары мен шараларында пайда болған қайшылықтар екі ел ортасындағы бірқатар келісімдер мен сауда байланыстарға салқынын тигізген еді. АҚШ өндіретін «Сад» зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін орнату ісі екі ел арасында үлкен дауға ұласты. Тіпті Қытай үкіметі кейбір кореялық компанияларды елден шығарып жіберді.

Мүн Жайн президент болғаннан кейін Қытаймен болған бұл кірбеңдікті жоюға тырысты.  Бұл реткі сапарында да Қытаймен маңызды келісімдер жасасып, ынтымақтастықты бекемдей түспек.

“The Qazaq Times”