Сауд Арабиясы 35 жылдан бері тыйым салынған кинотеатрларды қайта іске қосатынын жариялады. Елдегі ислам діндарларының қысымымен Сауд Арабиясында 80-ші жылдары барлық кинотеатрларға шектеу қойылған. Елдің тақ мұрагері Мұхаммед бин Салман жақында кинотеатрлардың қайта ашылатынын мәлімдеді. Бұл туралы BBC-дің ресми сайты хабарлады.

Сауд Арабиясы 2030 жылға дейін елде 300-ден аса кинотеатрларды ашуды жоспарлап отыр. Бұған үкімет тарабынан 24 млн АҚШ доллары көлемінде қаражат бөлінбек. 300-ден аса кинотеатрларда 2 мың кино зал болмақ, оларға 30 мыңнан аса жұмысшы тартылатыны Сауд Арабиясы үкіметінің мәлімдемесінде айтылды.

Сауд Арабиясының патша әулеті және діни институттар уахабизм деп танылған діни ағымды қолдайтындықтан, бұл елде жүріп-тұрудан тартып, киім киінуге дейін қатаң қадағалауға алынған. Қатаң тыйымдардың басым көбі елдегі әйелдерге қаратылған. Дегенмен, соңғы жылдары Сауд Арабиясында бірқатар билік тарабынан қадағаланатын қысымдар мен шектеулер алынып тасталуда. Осыдан бұрын аталған елде әйелдердің көлік жүргізуіне және спорттық шараларға баруына рұқсат берілді.

Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бин Салман 2030 жылға дейін елде ауқымды реформалардың жасалатынын айтып келеді. Оның айтуынша, бұл реформалар Сауд Арабиясы экономикасы мен қоғамдық жағдайларында үлкен бұрылыстар жасамақ.

“The Qazaq Times”