Нью-Йорк қаласында болған соңғы террорлық актіге қатысы бар деген айыппен тұтқындалған күдікті, 27 жастағы Бангладештен келген иммигрант әлеуметтік желіде Дональд Трампқа ескерту жасағаны анықталды. Қауіпсіздік қызметкерлері тапқан жазбада күдікті АҚШ Президентіне "Сен өз ұлтыңды қорғау міндетін орындай алмадың!" деп жазған. Бұл туралы ВВС ақпараттық агенттігі жазды. 

Акайед Улла (Akayed Ullah) Манхэттен портындағы автобус бекетінде денесіне байланған құрылғы арқылы жарылыс ұйымдастырды деген күдікпен жауапқа тартылып отыр. Оқиға салдарынан Акайед Улла мен тағы үш адам жараланған.

Нью-Йорк полиция департаменті өзінің твиттер парақшасында жанкештіге қаруды қылмыстық мақсатта иеленгені, террорлық қауіп төндіргені үшін кінә артылып отырғанын жазды. Сейсенбі күні кешкісін олардың қатары қоғамдық орында жарылыс ұйымдастыру, жаппай қырып-жою қаруын қолдану, шетелдік террорлық ұйымның материалды қолдауын пайдалану сияқты федералды айыптаулармен толықты.

Қауіпсіздік қызметкерлерінің мәліметінше, Акайед Улла (Akayed Ullah) қолға түскен кезінде "Мен мұны "Ислам мемлекеті" үшін жасадым" деп мәлімдеген. Оның бұл әрекетіне АҚШ әуе күштерінің "Ислам мемлекеті" лаңкестік ұйымына жасаған соққылары түрткі болған.

Күдіктінің полициямен әңгімесінен оның жарылғыш затты қолдан жасауды осыдан бір жыл бұрын үйреніп, террорлық актіні бірнеше апта бойы жоспарлағаны белгілі болды. Оның үйінен жарылғыш зат құрастырылған Рождествоға арналған жарықтар мен металл бөлшектері табылды. Акайед Улла (Akayed Ullah) жарылыс құрбандарының санын арттыру үшін адам аяғы көп жүретін уақыт пен орынды әдейі таңдағанын айтты.

Бангладеш билігі өз азаматының бұрын-соңды қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанын хабарлады. Оның ағасы Assosiated Press агенттігіне берген сұхбатында, Акайед Улла осы жылдың қыркүйегінде Бангладеште 6 аптаға жуық уақыт болғанын айтқан. Қазір оның радикалды көзқарастардың ықпалына  қалай түскенін анықтау үшін, оның Бангладеште қалған әйелі мен жақын туыстарынан жауап алынып жатыр.

“The Qazaq Times”