Ресей президенті Владимир Путин 11 желтоқсан Сүрияда жасаған мәлімдемесінде, Сүриядағы Ресей армиясын елден шегініп шығуға бұйрық бергенін айтты. Бұл алдағы Сүрия жағдайының қым-қуыт эволюциясында және аумалы-төкпелі Орта-Шығыс мәселесінде АҚШ-қа ыңғайсыз жағдайда қол бұлғап кете барғанмен бірдей болды. Әлем елдеріндегі ықпалды басылымдар Путиннің бұл қадамын сан-саққа жүгіртіп, талдауда.

Путиннің Сүрия сапары елде қарулы қақтығыстар басталғаннан бері  алғаш рет жасалып отыр. Оның ұшағы Сүрияның Латтакия аймағындағы Хемаймим әуе базасына келіп қонған. Әуе базасында Путинді Сүрия басшысы Башар Асад, Ресей Қорғаныс министрі Сергей Шойгу және Ресейдің Сүриядағы қарулы күштерінің бас командирі Сергей Суровикин күтіп алған. Ол Ресей әскерлеріне «Достар, отанымыз сіздерді күтіп отыр. Сіздер жеңіспен отанға қайтыңыздар», – деген. Сүрия сапарынан кейін Путин Мысыр мен Түркияға аттанған.

Путин Сүрияда. фото: en.rfi.fr.

Ресей мен АҚШ Сүрия ғана емес Орта Шығысқа әскерлерін кіргізген екі ірі ел. Сүрия жерінде Ресей Башар Асад күштеріне қолдау көрсетсе, АҚШ елдегі террорлық топтарға қарсы күресті және оппозициялық күштерге қолдау білдірді. Ал, елдегі қарулы қақтығыстар тоқтап, енді алда ұзақ та жапалы бейбіт Сүрия құру процесі басталған тұста Ресей армиясының өңірден шығарып, АҚШ-ты қалдыруында көптеген мақсатының бар екені анық.

Путиннің бұл қадамын мына бірнеше жақтан қарастыруға болады. Ең алдымен Ресейдің мемлекет қуаты жағынан талдап көрелік. Шет елдерде әскер ұстау Ресейге ғана емес барлық ел үшін де үлкен шығын. АҚШ пен Ресейдің әскери бюджетінде жер мен көктей парық бар. Соңғы жылдары Ресей әскери бюджетін жыл сайын арттырып келе жатқанымен, АҚШ-тың әскерлеріне бөлетін қаражатымен жарыса алмайды. Сүрияда ұзақ мезгіл әскер ұстау, әскери операцияларды жүргізу – мұның бәрі Батыс елдерінің санкцияларына шырмалған Ресей үшін оңайға түсе қоймайды. Мемлекетті шығынға батырмаған күнде де ұзақ мерзімдік стратегиялық жоспарларына оралғы болатыны анық.

Екіншіден, Сүриядағы «Ислам мемлекеті» ұйымы толықтай талқандалды деген мәліметті таратқан Ресей үшін, ендігі жерде, Башар Асад билігін қолдап, оппозициялық күштерге соққы жасауға толымды сылтау табыла қоймайды.

Үшінші жағы – 2018 жылғы Ресейдің президент сайлауы.  Бір апта бұрын Путин өзінің алдағы жылы болатын президент сайлауына қатысатынын жариялаған. BBC-дің сарапшыларының пікіріне жүгінер болсақ, Путин сайлау алдында «Бейбітшілікті орнатушы имиджді талдап алмақ». Осыдан бұрын да Ресейдің 2018 жылғы президент сайлауына дейін Сүриядағы әскери әрекеттерін толықтай жинастырып әкетуі мүмкін деген болжамдар айтылған.

Төртінші, осыдан 5 күн бұрын АҚШ президенті Дональд Трамп Иерусалимді Израиль астанасы деп мойындағанын жария етті. Бұған халықаралық қауымдастық, әсіресе Орта Шығыстағы көптеген мұсылман елдері қарсы тұрды. Ал, Путиннің Ресей армиясын Сүриядан шығарып әкетуі Орта Шығыс елдері арасында Ресейдің оңды ықпалын қалыптастырмақ. Бұл Путиннің өзін Трамптың қадамына қарама-қарсы қойғаны.

Бесіншіден, Сүрияның және Орта Шығыстың алдағы уақыттағы аумалы-төкпелі жағдайының жауапкершілігінен жалтару. Яғни, Сүрияны түсініксіз күйде АҚШ-қа тастап беріп, осыған дейін сол елде белсенді әскери операциялар жүргізген әскери күштерін елден алып кету. Ал, осыдан кейін өзге сыртқы күштердің қысымы немесе Сүрияның ішкі тартысы күшейсе, не болмаса «Ислам мемлекеті» ұйымы Сүрияда қайта пайда болып жатса, онда қоғамдық пікірлер мен қысым АҚШ-қа аударылмақ.

Осыдан бұрын Ресей және өзгеде терроризмге ортақ күрескен елдер Сүрия мен Ирак жерінде өздерін «Ислам мемлекеті» атаған террорлық топпен күресінің жеңісін жарыса жариялады:

6 желтоқсанда Путин Евфрат өзенінің екі жағалауында «Ислам мемлекеті» ұйымының толықтай тазартылғанын ресми мәлімдеді. Ал, 7 желтоқсанда Ресей Қорғаныс министрлігі Сүриядағы барлық қалалар мен елді мекендердің террористік ұйымдардың қолынан босатылғанын мәлімдеп, Ресейдің сол елдегі терроризмге қарсы миссиясы аяқталды деп жариялады.

21 қараша күні Иран президенті Хасан Рузани «Ислам мемлекеті» ұйымына қарсы күрес толық жеңіске жетті деді.

9 желтоқсан күні Ирактың премьер-министрі Аббади «Ирак үкімет күштері елдегі «ИМ» күштеріне қарсы күресте тарихи жеңіске қол жеткізді», – деп мәлімдеді.

Бұл мәлімдемелер Путиннің әскери күштерді Сүриядан алып кетуіне жол ашты. Ресей жөнінен алып айтқанда Сүриядан әскери күштерін алып кетудің түрлі жолдары бар. Айталық, белгілі бір мерзім ішінде елдегі әскерлерін біртіндеп алып шығу немесе тез арада біржола тайып тұру. Не болмаса әскерлерді бөліп-бөліп шығару. Ресей өткен жылдың наурыз айында Сүриядағы кейбір әскери бөлімдерін шығаратыны туралы жариялаған. Бірақ ұзақ уақыт Хемаймим әуе базасы мен Тартус теңіз базасын сақтап тұрды. Бұл Ресейдің әскерлерін шығарып әкетуді ұзақ уақыттан бері жоспарлағанын, бірақ бір уақытта барлық армияны шығарып кетпейтінін түсіндіреді.

Жоғарыдағы қадамдардың сериясы Ресейге «Терроризмге қарсы күрес» туының астында, АҚШ пен Орта Шығыста әскери жауаптасу мүмкіндігін берді. Егер осы кезде АҚШ та әскерін шығаруды жариялайтын болса, бұл АҚШ-тың Орта Шығыстағы әскери әрекеттерінде Ресей алдындағы кемшілігі ретінде қаралады. Ал, АҚШ әскерлерін шығарып әкетпейтін болса бұл да Құрама Штат үшін тиімсіз. Батыс пен Орта Шығыс елдері арасында АҚШ белсенді әскери араласушы ел саналып шыға бермек. Қай жағынан алып қараса да Ресей шах-мат ойынында бір жүрісті артық жүрді.

Сүриядағы Ресей қарулы күштері. Фото: Haaretz.

АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обама әскерлерін Ирак пен Сүрия жеріне шығаруға уәде берді. Алайда, екінші өкілетті кезеңінде өңірдегі әскерлер саны мен қарулы күштердің қуатын арттыра түсті. Трамп болса Обаманың бұл қадамын сынға алды және президент сайлауы кезінде Орта Шығыстағы әскерлер санын азайтуға уәде берді. Оның үстіне, Орта, Таяу-Шығыстағы АҚШ әскерлері Құрама Штаттың ішкі қоғамдық пікірінде де даулы күйге жетті. Себебі, көптеген америкалықтардың ойынша, Орта, Таяу-Шығыста әскер ұстау Құрама Штат үшін бас артық шығын саналды.

Дегенмен, АҚШ Қорғаныс департаменті Путиннің сөзіне жауап ретінде: «Сүриядан әскер шығару туралы Ресей бірнеше рет нәтижесіз сөз бен әрекетке барды. Путиннің қадамы АҚШ ұстанымына әсер етпейді, біз одақтастарымызбен бірге «Ислам мемлекетіне» қарсы қысымды жалғастырамыз», – деді.

Путиннің Сүриядағы қадамы Ресейдің алдағы халықаралық аренадағы ықпалы мен өзінің ықпалына қаншалық әсер ететінін алдағы уақыт көрсетер. Дегенмен, бұл рет Путиннің Сүриядан Ресей әскерін шығаруы әлемде ең көп талқыланған тақырып болып қалды.

“The Qazaq Times”