Астанада өтетін Сүрия мемлекетіне қатысты кезекті келіссөз мерзімі 21-22 желтоқсанға белгіленді. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми сайтында хабарланды. 

Министріліктің мәліметінше, тараптар алдағы уақытта болатын келіссөзде ұсталғандарды босату, қаза тапқандардың денелерін беру және жоғалған адамдарды іздестіру бойынша жұмыс тобын құру туралы ережені қабылдауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, келіссөзге қатысушылар Сүриядағы қауіпсіз аймақтардың жұмысы қандай деңгейде екенін талқылап, ЮНЕСКО объектілерін қоса алғанда Сүрияны миналардан тазарту туралы бірлескен шешімді бекітуге ниетті.

Қазан айында өткен  жетінші рет кездесу қорытындысында кепілдік беруші елдер қарсы тараптардың саяси жағдайларын реттеу үшін сенімді нығайту, соның ішінде ұсталғандарды босату жөнінде шаралар қабылдау қажет екені туралы бірлескен мәлімдеме қабылдаған. Бұдан бөлек, тараптар БҰҰ арқылы Женева процесі бойынша ұлттық диалог конгресін шақыру туралы ұсынысты талқылауға келісім жасаған.

“The Qazaq Times”