Австрияның астанасы Венада өткен Еуропа Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының 24-ші кезек өткізіліп отырған министрлер жиналысы кезінде, Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсонмен кездесті. Бұл туралы «Шинхуаның» ресми сайты жазды.

АҚШ пен Ресей арасында соңғы бір жылда шиеленістер ушыға түсті. Екі елдің дипломатиялық дағдарысын сарапшылар «Қырғи-қабақ соғысы» жылдарына теңеген болатын. Сергей Лавров пен Тиллерсонның кездесуі кезінде екі ел ортасында қордаланған бірқатар басты мәселелер сөз етілді. Оның ішінде бір-бірінің медиа құралдарына жасаған шектеу ісі және Сүрия мен Солтүстік Корея тақырыбы да бар.

Кездесуден кейін Ресей СІМ-і жазбаша мәлімдеме таратқан. Онда Ресей жақ Корей түбегі мәселесін маңызды күн тәртіпке енгізгені, Солтүстік Кореяға қарата АҚШ ұстанымын асыра сілтеушілік деп бағалағаны туралы айтылған. Әрі, АҚШ ұстанымынан туындаған дағдарыстар мен ұшқары сөздерді мақұлдамайтынын жеткізген.

Ресей жақ сонымен бірге Корей түбегі қайшылығын тек дипломатиялық жолдармен шешу үшін жаңа тәсілдер іздеу туралы ұсыныс айтқан. Мәлімдемеде Мәскеу тарабы Солтүстік Корея тақырыбы бойынша АҚШ-пен келіссөз жүргізуге дайын екенін де жеткізген. Бірақ аталған жазбаша хабар мазмұнында Ресей мен АҚШ арасындағы негізгі шиеленістер мен дипломатиялық дағдарыстар туралы өрбіген сөздерге орын берілмеген.

“The Qazaq Times”