2017 жылғы 29 қарашада Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы Қазақстан Республикасының 2018 жылға арналған ақша-кредит саясатының негізгі бағыттарын мақұлдады, деп хабарлайды бас банктің баспасөз қызметі.

Қаржы институтының мәліметінше, құжатта ақша-кредит саясатының 2017 жылғы шаралары, сондай-ақ 2018 жылға арналған нысаналы бағдарлар, саясаттың қағидаттары мен бағыттары қамтылған. Ақша-кредит саясатының шаралары инфляция бойынша 4%-дан төмен орта мерзімді мақсатқа қол жеткізуге бағытталатын болады.

"Ақша-кредит саясатының негізгі бағыттарында 2020 жылға және одан кейінгі
жылдары инфляция бойынша орта мерзімді мақсат төмен, бірақ 4%-ға жуық деп айқындалған. Сонымен бірге инфляция бойынша келесі 2 жылға арналған аралық нысаналы өлшемдер көрсетілген: 2018 жылдың соңында – 5-7%, 2019 жылдың соңында – 4-6%. Ұлттық Банк ақша-кредит саясатын инфляциялық таргеттеу және теңгенің еркін өзгермелі айырбастау бағамы саясаты режимінде іске асыруды жалғастыратын болады", - делінген хабарламада.

Бұдан бөлек бас банк инфляциялық таргеттеу режимі инфляцияны тиімді түрде төмендетуге және оны баға тұрақтылығын білдіретін деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік беретінін, бұл ұзақ мерзімді перспективада экономиканың өсуіне оң ықпал ететінін айтады.

"Инфляция бойынша мақсаттарға жету үшін Ұлттық Банк инфляцияның болжанатын деңгейіне және басқа өлшемдерге қатысты базалық пайыздық мөлшерлеме белгілейді. Нақты көрсетілген базалық мөлшерлеме, яғни инфляцияның 12 айға арналған болжанатын мәнін шегергендегі номиналдық мөлшерлеме 4%-дан жоғары болмайтын деңгейде ұсталып тұрады", -дейді реттеуші.

Сонымен қатар, Ұлттық Банк трансмиссиялық тетіктің арналарын жетілдіру
бойынша, кірістіліктің барабар қисығын қалыптастыру үшін жағдайлар жасау бойынша, халықтың инфляция жағдайын тұрақтандыру бойынша жұмысты жалғастырады.

“The Qazaq Times”