Ресейлік спортшылар Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін олимпиадаға бейтарап қатыса алады. Яғни олар олимпиада кезінде Ресейдің туын алып шыға алмайды және әнұран орындалмайды. Ал ел Президенті Владимир Путин болса спортшылардың бейтарап қатысуына еш кедергі жоқ екенін айтады. 

"Біз ешқандай наразылық жарияламаймыз, олимпиада ойыншылары жеке ойыншы ретінде қатысқысы келсе біз оларға ешқандай қарсылық танытпаймыз", - деп мәлімдеді ол Горьковский автозауытының жұмысшыларымен кездесу кезінде.

Айта кетейік, кеше Халықаралық Олимпиада Комитеті Ресейді 2018 жылы Пхенчханда өтетін қысқы Олимпиада ойындарына қатыстырмау туралы шешім қабылдады.  Халықаралық Олимпиада Комитетінің төрағасы Томас Бах бастаған кеңес мәліметінше, олар Швейцарияның бұрынғы Президенті Самуэль Шмидт жетекшілік еткен 2014 жылы Сочиде өткен Олимпиада ойындарындағы допинг дауына байланысты 17 айға созылған зерттеудің нәтижелеріне  сүйеніп, осындай қорытындыға келген.

 “The Qazaq Times”