Ресей Мемлекеттік Дума депутаты Виталий Милонов Қазақстан, Қырғызстан және Беларусь ұлттық олимпиада комитеттерін Ресейді қолдап, «Пхенчхан-2018 Олимпиадасына» қатысудан бас тартуға шақырды.

«Единая Россия» партиясының депутаты Виталий Милонов Халықаралық Олимпиада комитетінің Ресейге қатысты шығарған шешіміне байланысты мәлімдеме жасаған. Ол онда Қазақстан, Қырғызстан, Беларусь елдерінің ұлттық олимпиада комитеттерін Ресейді қолдап, «Пхенчхан-2018 Олимпиадасына» қатыспауға шақырған. Милоновтың сөзінше, Халықаралық Олимпиада комитетенің Ресейді олимпиададан шеттетуінің саяси астары бар. Бұның барлығы АҚШ пен НАТО елдерінің империалистік көзқарасының нәтижесі.

Виталий Милонов Қазақстан, Қырғызстан, Беларусьтен бөлек, БРИКС-қа мүше Бразилия, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка елдерін де Олимпиадаға қатыспауға шақырған.

Естеріңізге салайық, Халықаралық Олимпиада комитеті Ресейді 2014 жылғы допинг дауына байланысты 2018 жылы Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін қысқы олимпиада ойындарынан аластатқан болатын. Халықаралық Олимпиада комитетенің шешімі бойынша, «Пхенчхан-2018 Олимпиадасына» допинг дауына қатысы жоқ ресейлік спортшылар бейтарап құрама атынан ғана қатыса алады.

“The Qazaq Times”