Нидерланды полициясы Гаагадағы Хорватияның бұрынғы генералы Слободан Пральякқа тағылған айыптарды қайта қарастыру бойынша аппеляциялық сот отырысы өтіп жатқан залды "қылмыс орны" деп жариялады. Өйткені  72 жастағы айыпталушы өзінің осыған дейін жарияланған үкімі өзгеріссіз қалатынын естіген кезде, өзімен бірге алып келген кішкене құтыдан у ішіп, көп ұзамай ауруханада жан тапсырды. Бұл туралы ВВС ақпараттық агенттігі жазды. 

Слободан Пральяк Югославияың бөлінісінен кейін құрылып, 1995 жылға дейін қызмет атқарған Хорватияның Қауіпсіздік кеңесіне мүше болған. Ол Хорватияның қарулы күштерінің қатарында Босния мен Герцеговинадағы сербтер, хорваттар мен мұсылмандар арасындағы әскери операцияларға қатысқан.

Бұрынғы генерал хорватиялық әскер орындаған этникалық қылмыстар мен мұсылмандарға көрсетілген зорлық фактілерін тоқтатуға әрекет жасамағаны үшін айыпталған. Барлық жоспар мен әскери операциялар дың ретінен хабардар бола тұра, жергілікті халықты қорғауға әрекет етпегені үшін 20 жылға бас бостандығынан айыру туралы жазаға кесілген Пральяктың қорғаушысы сот шешімін аппеляцияға берген еді. Аппеляциялық сот отырысының қорытындысы бойынша оған тағылған бірқатар айыптар алынып тасталғанымен, үкім өзгеріссіз қалды.

Слободан Пральяк сот шешімін естіген кезде: "Пральяк қылмыскер емес. Мен сіздің шешіміңізді қабылдамаймын!" деп, белгісіз құтыдағы сұйықтықты ішкен. Артынша өзінің у қабылдағанын айтқан айыпталушыны сот залынан жедел жәрдем жақын маңдағы ауруханаға алып кетті. Слободан Пральяк көп ұзамай сол жерде көз жұмды. Қазірше оның бұл әрекетке неге барғаны, сот залына у сақталған құтыны қалай алып кіргені белгісіз.

“The Qazaq Times”