Осыдан біраз бұрын Түркия мен Ресей тараптары ресейлік S-400 зымыран қорғаныс жүйесін сату-сатып алу келісіміне қол қойған еді. Екі елдің бұл қадамы НАТО-ның қарсылығын тудырған. Кеше, 27 қарашада ТАСС агенттігі НАТО әскери комитетінің төрағасы Питер Павелге сілтеме жасап, енді НАТО екі елдің келісіміне рұқсат еткенін хабарлады. Питер Павел бұл жөнінде «АҚШ жаңалықтары мен әлемдік сараптама» басылымына берген сұхбатында айтқан. 

«Шинлаң» ақпараттық сайтының жазуынша, Питер Павел сұхбатында: «Түркия тарабының мүддесінен алғанда, НАТО бұған рұқсат бермеуге шарасыз. Біз бұл мәселеге прагматикалық көзқараспен қарауға мәжбүрміз. Дегенмен, Түркия бұл қалыптасқан мәселелерді талқылауға бола тұра қарым-қатынасты күшпен бұзғаны ақылға қонымсыз», – деген пікірін айтады. Ол және НАТО мен Түркия арасында бұл мәселелерді талқылағалы жатқанын, осы арқылы екі тарап түсіністік табуы мүмкін екенін айтады. Питер Павелдің айтуынша Түркия НАТО-ның маңызды әріптесі–географиялық орналасу ерекшелігінде ғана емес, әсіресе Иран, Ирак, Сүриямен шекаралас және ұйымға мүше елдер арасында екінші ірі ел саналады. Оның сыртында Түркия НАТО-ға мүше болған бір ғана мұсылман ел.

Алайда, осыдан бұрын НАТО-ның жоғары лауазымды өкілі Түркияның ресейлік әуе қорғаныс жүйесін сатып алуына қатаң ұстаным жасаған еді. 25 қазанда «АҚШ қорғаныс жаңалықтары» веб-сайтында таратылған ескертуде «Егер НАТО-ға мүше бір ел Ресей әуе қорғаныс жүйесін сатып алса оның зардабы ауыр болады» - делінген. Ескертуде және Түркияның бұл қадамы НАТО-дағы әріптестерінің бірыңғай әуе қорғаныс жүйелерін түрік елінен шығарып кетуі секілді техникалық шектеулерге ұшырайтыны айтылған.

«АҚШ жаңалықтары мен әлемдік сараптама» басылымында айтылуынша, АҚШ және НАТО-дағы өзге одақтастар Түркияның ресейлік әуе қорғаныс жүйесін сатып алуын қаламайды. Мұның ең негізгі екі себебі мынау – бірінші әскери істердегі себебі, яғни S-400 жүйесі НАТО-ның әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесіне қосылмайды; екіншісі саяси себеп, Түркия жақ Ресейге жүздеген миллион АҚШ долларын төлейді. Бұл Уашингтонның Ресейге салып отырған санкциясын бұзады.

Әлемдік БАҚ-тың мәліметіне жүгінер болсақ, S-400 әуе қорғаныс жүйесін сату-сатып алудағы Ресей мен Түркия арасындағы келісім құны 2,5 млрд АҚШ долларын құрайды. Түркия жақ мұның бастапқы төлемін төлеп үлгерді. Қалған бөлегі Ресейдің Түркияға берген несиесі ретінде біртіндеп төленбек. Ал, жүйе жабдықтары екі жылда толықтай орнатылып, түрік әуе кеңістігін қорғауға қабілетті болады делінген.

“The Qazaq Times”