2012 жылдан 2016 жылға дейін жалақының орташа көлемі 67 900 теңгеден 99 100 теңгеге дейін өскен. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметінің фейсбук парақшасында хабарланды.

"Мұғалім мамандығына деген сұраныс жалақы мөлшеріне қарай анықталатынын жақсы түсінеміз. Біздің министрлік педагогтар кірісін көтеруге барынша тырысып келеді. Әрине, мұғалімнің жалақысына оның білім санаты, жұмыс өтілі, оқу жүктемесі секілді жәйттер да әсер ететіні сөзсіз", - делінген хабарламада.

Яғни 4 жыл аралығында мұғалімдер 45,9%-ға артық ақы ала бастаған. Жалақының өсу қарқынына тоқталар болсақ, 2012 жыл мен 2015 жыл аралығында қазақстандық педагогтардың айлығы 2-7%, ал 2016 жылы 31,8%-ға бір-ақ артты.

Ал басқа елдердегі жалақымен салыстырып көрейік. Әлем бойынша мұғалімдердің ең жоғарғы айлық жалақысы Мексикада - 5695 доллар. Екінші орында Германия - 5110 доллар, АҚШ-та - 3558 доллар. Ал көрші Ресейдегі мұғалімдердің орташа жалақысы - 477 доллар (31 477 рубль). Ал осы айлық жалақыны мысал ретінде, Iphone 6s сатып алуға жұмсап көрейік. Мексикада 7, Германияда 6, АҚШ-та 5 айфон сатып алуға болады екен. Ал Қазақстанда 1 гаджет сатып алуға да жеткіліксіз.

“The Qazaq Times”