Балиде Агунг жанартауынан көтерілген көк түтін 4 мың метр биіктікке жетіп, ыстық магманың кратердің кернеуіне көтерілуіне байланысты барлық әуе компанияларына ескерту жасалды. Қызыл деңгейлі қауіп жөніндегі ескерту жанартаудың атқылау ықтималдылығы толықтай расталғанын көрсетеді. Бір аптада екінші рет дабыл қағылып отырғандықтан, бірқатар әуе бағыттары өз рейстерін кейінге шегерді. Балиге бағыт алған немесе елге қайтатын туристерге өз әуе компанияларымен байланысқа шығып, рейстің уақытын нақтылау қажет. 

Бали - ең танымал туристік бағыттардың бірі. Дегенмен әлем халқы жиі таңдайтын Кута мен Семиняк демалыс аймақтары жанартаудан 70 км қашықтықта орналасқан. Жергілікті билік өкілдері жанартауға 7,5 км жақын аймақта тұратын азаматтарға осыған дейінгі үйреншікті қалыпта, артық шусыз басқа қауіпсіз аймақтарға қоныс аударуы қажеттігін ескертті. Сондай-ақ жанартау маңындағы тұрғындарға улы түтіннен сақтану үшін бетперделер (маска) таратылды.

Волконолог мамандар түтіннен құралған бұлттар Балидің шығысындағы Ломбок аралына қарай ығысқанын айтады. Ондағы ең үлкен әуежай жабылды. Балидің Төтенше жағдайлар жөніндегі қызметі өзінің твиттер парақшасында Ломбоктың Матарам қаласында күл аралас жауын жауғанын хабарлады.

Осы жылдың басында кезекті жанартау атқылау қаупінен сақтанып, басқа өңірлерге қоныс аударған 140 мың адамның 25 мыңы әлі де уақытша баспаналарда тұрып жатыр. Олар қыркүйек айының соңында өз үйлеріне оралады деп күтілгенімен, жанартау маңы әлі де қауіпті аймақ есебінде қалып отыр.

Ресми деректерге сәйкес, жанартау себебінен болған эвакуация Балидің туризм саласына 110 млн еуро көлемінде шығын келтірген. Бали Тынық мұхитындағы тектоникалық тақталар жиі соқтығысатын сейсмикалық "Отты сақина" аймағында орналасқан. Мұнда шамамен 130 -дай белсенді жанартау бар. Агунг жанартауы соңғы рет атқылаған 1963 жылы мың адам қаза тапқан.

“The Qazaq Times”