Оңтүстік Қытай теңізінің иелік құқығы туралы, өңірдегі көптеген елдің ортасында даулы талаптар бір ғасырдан бері туып келеді. Дегенмен, соңғы бірнеше жылда аталған аймақтағы дау өрши түсті. Тайвань, Қытай, Вьетнам, Филиппиндер, Малайзия және Бруней қатарлы мемлекеттер мен аймақтар арасында Оңтүстік Қытай теңізіндегі аралдар және су алаптарына  ішінара немесе толықтай иелік құқығын жариялап келеді. Әсіресе, соңғы жылдары Қытайдың аталған аймақтағы қадамдары жиілей түсіп, өзге елдердің иелік құқығы туралы шағымдар көбейді.

Өткен жылы шілде айында Филиппинінің бастамасы бойынша халықаралық арбитраждық сот Қытайдың иелік құқығын танымайтын болып шешті. Бірақ Бейжің билігі бұл төрелікті мүлде қабылдамайтын болып шықты. Осыдан кейін аталған теңіздегі иелік құқық мәселесі халықаралық қауымдастықтың назарын аударды. Тіпті қауымдастық бұл мәселенің әлемдік жанжалдың білтесі болуы мүмкін немесе жаһандық қақтығысқа ұласуы мүмкін деп алаңдауда.

23 қараша бейсенбі күні Аустралия (Австралия) үкіметі Канберраның дипломатиялық стратегиясын кеңінен баяндайтын құжатын жария етіп, Оңтүстік Қытай теңізіндегі даулы аймағында Қытай қызметінің «жылдамдығы мен масштабы» туралы «ерекше алаңдаушылық» білдірген болатын. Бейжің болса, аталған құжат Қытаймен жалпы дипломатияда позитивті болғанымен, Оңтүстік Қытай теңізі мәселесінде Аустралия араласпауы керек деп қарайды. Бұл екі ел арасындағы дипломатиялық жаңа мәселелерді ортаға шығарды.

Оңтүстік Қытай теңізінің мәселесі халықаралық қатынастарға әсер ететін негізгі мәселелердің бірі. Трамп АҚШ президенті болып сайланғаннан кейін, АҚШ-тың аталған аймақтағы сыртқы саясаты біршама оқшау күйде қалды. Бұл Қытайдың Оңтүстік теңіздегі ықпалын арттыра түсуіне орай болды. Осы кезде Аустралия бұл теңіз алабындағы ортақшыл рөлін арттыра түсті. Аустралияның бұл қадамы Бейжіңге ұнамағаны анық.

Бейсенбі күні Қытай СІМ-і журналистерге берген мәліметі арасында: «Оңтүстік Қытай теңізі мәселесіне Аустралияның қатысы жоқ», – деп ашық айтты. «Аустралияның жолдаған «дипломатиялық ақ кітапшасы» Қытай-Аустралия байланысының дамуына қаратылады. Оңтүстік Қытай теңізі мәселесінде біз жауапсыз ескертулерді жолдадық. Бұл туралы елеулі алаңдаушылық білдіреміз»,– делінді Қытай СІМ-нің мәліметінде.

Қытай Сыртқы істер министрлігі Аустралия жақтың аталған аймақтағы иелік құқығының жоқ екенін алға тартуда. Қытай СІМ мәлімдемешісі: «Біз Австралияны Оңтүстік Қытай теңізі мәселесі бойынша жауапкершілігіне жатпайтын істердегі араласуын тоқтатуға, бұл туралы берген уәдесін орындауға шақырамыз», – деді.

Аустралия жақтың жолдаған құжатында Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін сыртқы саясатта Қытай өзінің «ереже тәртібін» орындамады деп көрсеткен. Бірақ Қытай тарабы бұған қарсы уәж айтып: «Қытай соғыстан кейінгі тәртіп пен ережені халықаралық қоғамдастықпен ортақ таныған, бірақ бұл кейбір елдердің біржақты шығарған ереже-тәртібіне бағыну дегенді білдірмейді», – деді.

Бұл Аустралияның 2013 жылдан бері алғаш рет «Сыртқы саясат туралы ақ құжатты» жария етуі. Ол келесі онжылдықта сол елдің халықаралық қарым-қатынастар стратегиясының жобасын әзірлеуге бағытталған. Онда кейбір негізгі мәселелер бойынша Америка Құрама Штаттары Аустралиядағы қауіпсіздік мәселелеріндегі шешуші рөлді жалғастыра беретінін, бірақ сонымен бірге Канберраның Қытаймен тығыз қарым-қатынас орнатуы керек екенін көрсетілген. Сонымен ірге, құжатта: «Аустралия жақ Америка Құрама Штаттарын мен Қытайды бір-бірінің арасындағы экономикалық шиеленістер стратегиялық қақтығыстарды тудырмайтын немесе көп жақты сауда жүйесін зиян келтірмеуін қамтамасыз етуге шақырады», – делінген.

Дегенмен, Аустралия өзінің сыртқы саясаттағы жаңа ұстанымдарын Қытайға жолдау арқылы Оңтүстік Қытай теңізінің жалғыз қожасы Қытай ғана емес екенін, көп елдердің мүддесі тоғысып жатқан осы су алабында тек Қытайдың дегені жүрмейтінін, тіпті Құрама Штат осы аймақтағы саясатын тоқтатқан күннің өзінде Аустралияның халықаралық ережелерге қадағалаушылық ететінін танытты.

“The Qazaq Times”