Папуа-Гвинеядағы қауіпсіздік қызметкерлері Жоғарғы Соттың шешімімен заңсыз деп танылған босқындар лагерінің тұрғындарынан аталған аумақты босатуды талап етті. Кеше лагерді паналап қалған босқындарға 1 сағат уақыт берген мемлекет өкілдері, орнынан тапжылмаған тұрғындарды күштеп шығарған. Аустралия өзіне  жетуді көздеген Африка мен Азиядан көшкен босқындарды өз шекарасынан сыртқы аумақта ұстау үшін 2013 жылдан бері Манус аралындағы лагерді қаржыландырып келеді. Енді жергілікті билік босқындарға пана болған мекенді жабу туралы шешім шығарды. 

Босқындар лагерінің жай-күйі мен онда болып жатқан соңғы жаңалықтардан бүкіл әлемді хабардар етіп отырған тілші Behrouz Boochani Әл-Жазира ақпараттық агенттігімен телефон арқылы тілдескеннен кейін тұтқынға алынды. Қазір Аустралияның медиа қауымдастығы жуырда ғана соңғы жылдардағы еңбегі үшін Amnesty International ұйымының сыйлығын алған журналистің бостандығы үшін күресіп жатыр.

Мельбурн университетінің профессоры Патрик Макгорри босқындарды орналастыру бойынша жаңа жоспардың жоқтығын, ал онда жылдар бойы тұрып келе жатқан азаматтар көрген теперіштері мен қиын тағдырының әсерінен суицидке жақын болып келетінін айтып, олардың болашағына алаңдаушылық білдірді.

Аустралияның Премьер-министрі Папуа-Гвинея билігінің әрекетін құптамайтынын көрсетіп, "Олар бізге қысым көрсеткісі келеді. Біз осыдан кейін босқындарды өз жерімізге кіргізеді деп ойлайды. Бірақ біз өзіміздің миграциялық саясатымызды өзгертпейміз", - деді.

Лагерь ресми түрде 31 қазан жабылғанымен, ондағы босқындар үш аптаға жуық уақыт бойы аталған мекеннен кетпей, қарсылық көрсетті. Полициямен қақтығыс барысында босқындарға күш көрсету фактілері тіркелген. ВВС-дің соңғы жариялаған ақпаратында Канберра Үкіметі босқындардың басқа орынға орналастырылғаны айтылған. БҰҰ босқындардың мәселесіне алаңдаушылық білдіріп, жаңа мекенде медициналық, санитарлық талаптар сақталмағанын жеткізді.

“The Qazaq Times”