Бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, журналистика факультетінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының қоғам қайраткерлері мен дизайнер-суретшілер бас қосты.

Атап айтқанда, ҚР суретшілер одағының, ҚР суретшілер академиясының мүшесі, суретші, дизайнер Нұран Айымбет, «Қазақ университеті» баспасының дизайнері Кәмшат Әлмұратқызы, «Әл-Фараби принт» баспасының дизайнері Мұхтар Бекжан, ҚР суретшілер академиясының мүшесі, суретші Серікбай Бейсен, мистик жазушы, дизайнер Қойшыбек Мүбарак, журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы, баспагерлік, редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының меңгерушісі Ж. Бекболатұлы, баспагерлік, редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының аға оқытушысы Смайыл Дәрмен және кафедраның оқытушылар құрамы қатысты.

Дөңгелек үстелдің мақсаты - «Дизайн» мамандығын оқытудағы өзекті мәселелерді талқылап, оның шешу жолдарын қарастыру.

Жиынға шақырылған арнайы қонақ ҚР суретшілер одағының, ҚР суретшілер академиясының мүшесі, суретші, дизайнер Нұран Айымбет: «Журналистика факультетінде «Дизайн» мамандығының ашылуы қуантарлық жайт, бірақ, жай ғана дизайнер болу басқа да, сауатты, білікті дизайнер болу бір бөлек. Сондықтан, мамандықты замануаи талапқа сай етіп, жандандыра түсуіміз қажет», - деп,өз пікірін айтты.

ҚР суретшілер академиясының мүшесі, суретші Серікбай Бейсен Журналистика факультетінде оқытылатын мамандық болғаннан кейін, «БАҚ дизайны» деген атпен мамандықтың шифрын өзгертіп, оқу үдерісін 5 жылдықтан 4 жылдыққа ауыстыруымыз керек деген ұсынысын білдірді.

Шамамен екі сағатқа созылған дөңгелек үстелдің жұмысын қорытындылау барысында мынадай ойлар айтылды:

  • «Дизайн» мамандығын оқытудағы оқу үдерісін 5 жылдықтан 4 жылдыққа ауыстыру;
  • «БАҚ дизайны» атты жаңа шифр енгізу;
  • Дизайнерлердің оқу бағдарламасын қайта қарап, тәжірибелік сабақтарды кеңінен енгізу туралы қаулы қабылданып, факультеттің ғылыми кеңесіне ұсыну.

Ақмөлдір Тілепберген

“The Qazaq Times”