Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданында грециялық инвестор сағатына 200 тонна асфальт-бетон өндіретін зауыт салмақ. Аудандағы индустриалдық аймақта салынатын зауыттың жобалық құны 1 млн АҚШ долларын құрайды.

Құрылысы келер жылы басталатын асфальт-бетон өндіру жобасының инвесторы грециялық NIOVI S.A компаниясы құрылтайшысы болып келетін «Soldatos» ЖШС.

«Soldatos» ЖШС-нің инвесторлары Мақтаарал ауданындағы жобадан бөлек, Сарыағашта сағатына 150 тонна, ал Түркістан қаласында сағатына 200 тонна асфальт-бетон шығаратын зауыт салуды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, ауданда сыртқы инвестициядан бөлек, ішкі инвестицияның есебінен өңдеу зауыты, гигиеналық заттар мен полиэтилен шығаратын өндіріс зауыттарының жобалары да жүзеге аспақ. 38 гектар жерді алып жатқан ауданның индустриялды аймағында жұмыс істеп тұрған «Береке» мақта зауытынан басқа, мұнда келер жылы 4 жоба іске асырылады деп жоспарлануда.

“The Qazaq Times”