Алматы қаласы соты Bank RBK-ны әкімшілік жауапқа тартты. 

Қазақстанның қор биржасында жарияланған құжатқа сәйкес, қаржы институты ақшаны жылыстату заңнамасын бұзғаны үшін жауапқа тартылған.

"Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты осы жылдың 3 қарашасында банкке қатысты шешім қабылдады.  Bank RBK ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 214-бабының 1 тармағы бойынша (қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы бұзу) жауапқа тартылды", - делінген KASE хабарламасында.

Сондай-ақ, кодексте осындай құқық бұзу жеке тұлғаларға – 100, лауазымды адамдарға, нотариустар мен адвокаттарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 140, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 220, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғатыны туралы айтылған.

Айта кетейік, 2017 жылғы 1 АЕК 2269 теңгені құрайды.

“The Qazaq Times”