Бүгін Алматыда жылдамдығы жоғары қоғамдық көліктерге арналған BRT бағыты іске қосылады. Бірінші бағыт Мустафин, Рыскулбеков және Сулейменов көшелері бойымен өтеді, деп хабарлайды "Колеса".

Порталдың мәліметінше, енді арнайы құрылған жолақтан қоғамдық көліктер ғана өтеді. Басқа көліктердің тоқтауына, немесе одан өтуіне тыйым салынады.

Алматы қаласының транспорт және автокөлік жолдары басқармасы хабарлағандай, 1 желтоқсанға дейін қоғамдық көліктер жолағы тестік режимде жұмыс істейді. Сондай-ақ, арнайы жолақтан байқамай өтіп кеткендерге және жүргізушілер жаңа жолға үйренгенше, он күнге дейін айыппұл салынбайды. Алайда 1 желтоқсаннан бастап BRТ (bus rapid transit - жылдамдығы жоғары автобустар жүйесі) жолақтарына арнайы жол белгілері қойылатын болады.

Мәліметтерге сенсек, жаңа жолақпен жүретін автобустардың келу уақыты 5 минутты құрайды. Бір бағытта жүру уақыты шамамен 46 минутты құрайды. Ал 2018 жылдың жазында Жандосов және Тимирязев көшелері бойында екінші BRT бағытын салу жұмыстары басталуы тиіс.

“The Qazaq Times”