Қазақ-қырғыз қарым-қатынасының ушығып тұрғанына бір айдан астам уақыт өтті. Екі ел арасындағы кеден дауының аяқталатын түрі жоқ. Ал оған апта сайын Қазақстан билігін «жерден алып, жерге салып» жатқан Алмазбек Атамбаев мәлімдемелерін қоссақ, онда бұл текетірестің жақын аралықта аяқталмайтынына көз жеткіземіз. Жалпы қазақ-қырғыз қарым-қатынасының ушығуы кімге көбірек зиянын тигізеді? Бұл жағдай қай елдің экономикасына көбірек әсер етеді? 

Қазан айының 10-ынан бері Қазақстанның Қырғызстанмен арадағы  шекарасы күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Қазақ билігінің не үшін бұндай қадамдарға барғанын біреулер Алмазбек Атамбаевтың мәлімдемесімен байланыстырады. Енді біреулер бұл таза кедендік мәселелерге байланысты туындаған оқиға деп есептейді. Ресми Астананың өзі Қазақстан шекарасының күшейтілген режимге көшуін Қырғызстан кеден қызметінің ЕАЭО талаптарына сай еместігімен түсіндіреді. Ал Атамбаев билігі 2014 жылдан бастап, осы күнге дейінгі Қырғызстанда болған келеңсіз жағдайлардың барлығына көрші елдердің басшылары мен үкіметі кінәлі деп есептейді. Жә кімнің кінәлі, кімнің кінәсіз екендігін кейін анықтай жатармыз. Қазірше Астана мен Бішкек текетіресінен қай тарап көбірек ұтылатынын есептейік.

Соңғы статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ,  2017 жылдың сегіз айында Қазақстанның Қырғызстанға экспорты 308,4 миллион долларды құраған. Ал импорты 161,4 миллион доллар болған.  Қырғызстан ЕАЭО-ға мүше болмай тұрған жылдардың өзінде екі ел арасындағы тауар айналымы баяу болса да, өскен. Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тауар айналымының шарықтау шегі 2015 жылы тіркелген. Ол кезде Қазақ елі Қырғызстанға 884,7 миллион доллардың тауарын экспорттаған. Оның 518,55 миллионы ресми Бішкек ЕАЭО-ға мүше болған уақытта болған. Қырғызстан 2015 жылы ЕАЭО-ға толыққанды мүше болғанан кейін, көптеген сарапшылар екі ел арасындағы тауар айналымы өседі деп болжаған. Бірақ шын мәнінде ол олай болмай шықты. Керсінше Қазақстанның Қырғызстанмен арадағы импорты ресми Бішкек ЕАЭО-ға кіргеннен кейін 30 пайызға төмендеді. Қырғыз тауар тасмалдауының азаюына  2015 жылы Қазақстан Ұлттық Банкінің теңгені еркін айналымға жіберуі себеп болған. Ал ол өз кезегінде доллардың күшейуімен қатар нарықта қырғыз сомының да жағдайының жақсаруына алып келген. Осыдан кейін Қазақстанға Қырғызстаннан тауар тасымалдау тиімсіз болып қалған. Бұдан бөлек бұл жағдайға Қырғызстан кәсіпкерлерінің Қазақстан заңына пысқырып та қарамайтындығы себеп болған. Олар 2017 жылға дейін «Қазақ шекарасынан Ресейге алып барамыз» деп өткізген тауарларын Қазақстан аумағанда саудалап келген. Аталмыш оқиғалардың жиілеп кетуіне байланысты Қазақ үкіметі 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан аумағы арқылы өтетін барлық қырғыз тауарларына тыйым салған. Осы жағдайларға байланысты қазіргі таңда Қырғызстан кәсіпкерлері Ресейге немесе ЕАЭО-ға мүше елдерге өз тауарларын Қазақстан арқылы тек темір жол арқылы тасмалдауға құқылы.

Фото: regnum

Енді Қазақстанның Қырғызстанға экспорты жалпы экспорттың қанша пайызын құрайтынына қысқаша тоқталсақ. 2011-2016 жылдар аралығындағы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанның Қырғызстанға экспорты жалпы экспорттың 0,54 және 1,11 пайызын құраған. Оның ішінде Қазақстан қырғыз еліне көбіне бидай экспорттаған. Мысалы 2016 жылға дейін Қырғызстан Қазақстаннан жылына 246 мың тоннадан бастап, 475 мың тоннаға дейін бидай сатып алып келген. Ал екінші кезекте статистика бойынша, мұнай, газ өнімдері. Осы уақытқа дейін Қырғызстан Қазақ елінен жылына 117 мың тоннадан бастап, 194 мың тоннаға дейін мұнай өнімдерін сатып алатын болған.  Одан кейінгі кезекте Қазақстан Қырғызстанға темекі, түсті металл, ұн, су, парфюмерия өнімдерін экспорттаған.

Ал енді Қырғызстаннан Қазақстанға импортталатын өнімдерге келетін болсақ. Қазіргі таңда біздің еліміз Қырғызстаннан ең көп киім-кешек, жеміс-жидек және сүт өнімдерін ипорттайды. Киім-кешек Қырғыз импортының 32,72 пайызын, ал жеміс-жидек 19,81 және 9,31 пайызын құрайды. Бұған дейін Қырғызстан импортының басым көпшілігі электр энергиясына тиесілі болған. 2011 жылға дейін Қазақстан Қырғызстаннан жылына жалпы құны 77,23 миллион долларды құрайтын 2,5 млн кВт электр энергиясын сатып алып келген. Бірақ бұл көрсеткіш жыл өткен сайын төмендеп, 2014 жылы Қазақстан керсінше, электр энергиясын экспортайтын болған.

Қорыта келгенде жоғарыда келтірілген мәліметтер бойынша, Астана мен Бішкек қарым-қатынасының уақыт өткен сайын ушығуы Қырғыз экономикасына көбірек салмақ түсіретінін көрсетіп тұр. Ал Қазақстан экономикасына бұл жағдай үлкен салмақ салады деп айту қиын. Өйткені Қырғызстанға шығаратын экспорт пен келетін импорт көлемі  жалпы Қазақстан экспорты мен импортының 1 пайызын ғана құрайды. Қазақстан халқы Астана мен Бішкек арасындағы текетірес салдарынан тек киім-кешек пен жеміс-жидек және сүт өнімдері жетіспеу немесе қымбаттау жағынан ғана зиян көруі мүмкін. Оның өзінде Қазақстан үшін ол аса бір үлкен мәселе туғызбауы тиіс. Себебі Қазақстанның географиялық жағдайы оған Өзбекстан, Қытай, Ресей және өзге де мемлекеттермен сауда жасауына мүмкіндік береді. Ел үкіметі керек болған жағдайда жеміс-жидекті Өзбекстаннан, ал арзан киім-кешекті Қытайдан ала алады. Бірақ бұл жағдай Қазақстанның бидай өндірушілеріне ауыр тиуі мүмкін. Себебі Қырғызстан Қазақ бидайының 10 пайызын сатып алады. Оның үстіне биіл Ресей бидайы бітік шықты. Осыған байланысты Қазақ дихандарына биыл жиналған астықты сату қиынға соғайын деп тұр. Ал Қырғызстанға келетін болсақ, жоғарыда айтқанымыздай Астана мен Бішкек текетіресінен Қырғызстан халқы көбірек зардап шегеді. Өйткені Қазақстан Қырғызстан сүт өнімдерінің тең жартысын, әйнек өндірісінің 50 пайызын және жеміс-жидек өндірушілерінің 70 пайызға жуық өнімін сатып алады. Ал оған Қазақстан экспорттайтын тауарларды қоссақ, онда Қырғыз экономикасы мен халқына қаншалықты ауыртпашылық түсетінін есептей беріңіз.

Жалпы алғанда Қазақстан Қырғызстанмен арадағы даудан қандай сабақ алуы тиіс? Көптеген сарапшылардың ойынша, Қазақстан билігіне шекарада, елде, облыстарда болып жатқан жағдайларды ескеріп, алдағы уақытта ауыл шаруашылығы мен жеңіл өнеркәсіпті тиісті деңгейде дамытуды қолға алу керек. Бұл біріншіден, болашақта осыған ұқсас жағдайлар туындай қалған жағдайда елді азық-түлік тапшылығы қауіпінен сақтайды. Екіншіден, сауда соғысында аталмыш салада ойсыра ұтылудан құтқарады.

“The Qazaq Times”