ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Париж қаласынан 75,8 млн долларға зәулім үй сатып алған қазақстандық шенеунік туралы тараған ақпараттарды тексеру жұмыстары жүріп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды КТК.

Министр бұл жаңалықты естігенін , бірақ Парижден зәулім үй сатып алған адамның кім екенін білмейтінін атап өтті. Осылайша Сұлтанов ведомство қызметкерлері кіріс туралы барлық декларацияны тексереді деп сендірді.

"Біз де бұл жаңалық туралы шетелдік басылымдардан және сіздерден білдік. Әлемде салық саласындағы ақпараттарды алмасып отыру туралы келісім бар. Мемлекеттік кірістер комитетінің реакциясы туралы айтар болсақ, комитет декларацияда көрсетілгендей жыл сайын шетелдегі шоттар мен мүліктерді тексеріп отырады. Сондықтан декларация бойынша ол пәтерді кім сатып алғанын іздестіретін боламыз", - деді ол.

Айта кетейік, бұдан бұрын Mansion Global халықаралық жылжымайтын мүлік агенттігі Қазақстан Үкіметінің ресми өкілі Парижден құны  75, 8 миллион АҚШ доллары (65 миллион еуро)  тұратын зәулім үй сатып алғаны туралы ақпарат таратқан. Бұл үй осы жылғы ең қымбатқа бағаланған үйлердің бірі болған және Париждің атақты байлар қоныстанған Golden Triangle деп аталатын ауданында орналасқан.

“The Qazaq Times”