Ливанның осыдан екі апта бұрын қызметінен бас тартатыны жөнінде хабар таратқан Премьер-министрі Саад Харири осы сенбіде Францияға сапар шегіп, Елисей сарайында Президент Эмануель Макронмен кездеседі. Осыдан алдын Ливан Президенті 4 қарашада Риядқа аттанғаннан бері еліне оралмаған Премьері үшін алаңдап, Сауд Арабиясы оған қысым көрсетіп,  еркіндігін шектеп отыр деп айыптаған еді. Енді оның бостандығы өзіне тиесілі екенін дәлелдейтін сапар өңірде қалыптасқан күрделі жағдайларға жаңа бағыт беруі мүмкін. 

Осыған дейін Риядта Саад Хариримен арнайы кездескен Францияның Сыртқы Істер министрі ол Парижге ресми шақыртуды қабыл алғанын жариялаған болатын. Сауд Арабиясының ресми өкілдері де оның Риядта қалуы саяси тұлғаның өз қалауымен шешілген дүние екенін бірнеше рет атап өтті.

Саад Хариридің Францияға баратыны туралы хабарға Ливан Президенті Мишел Аун: "Мен оның бостандығына қауіп төніп тұрған жоқ дегенге сенгім келеді. Ол қалай болған күнде де, Ливанға келіп, өз лауазымынан бас тартатынын ресми түрде растауы керек" деп жауап беріп, оның орнына жақын күндері жаңа шенеунік тағайындалатынын хабарлады.

Саад Харири бұрын берген сұхбаттарында Ливанға оралуға қорқатынын айтып, Сауд Арабиясының басты жауы Иран мен Ливан және Йемендегі қақтығыстардың негізгі қатысушысы "Хезболла" ұйымын қатаң сынға алған.

“The Qazaq Times”