Ресейдің Тәжікстандағы елшілігінің таратқан мәліметіне сенсек, Ауғанстандағы лаңкестік топтар сол елдің солтүстігіндегі аймақтар арқылы Орталық Азия елдеріне енуге әрекет жасауы мүмкін. Бұл туралы Tasnim (Tasnim New Agency) ақпараттық агенттігі хабарлады.

Аталған мәлімдемені Ресейдің Тәжікстандағы Бас елшісі Игорь Фролов сол елдегі Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше елдердің ортақ әскери жаттығуы кезінде мәлімдеген. Ол лаңкестік топтардың Ауғанстан жерін пайдалана отырып, Орталық Азия елдеріне шабуыл жасауы мүмкін екенін ескерткен.

Фролов сөзінде: «Ауғанстандағы қауіпсіздік жағдай барған сайын қиындау түсуде. Бұл елдегі соғыс жақын арада аяқтала қоймайды. Біз Ауғанстан жерінен келетін ықтималды қауіпке көз жұма қарай алмаймыз. Дәл қазір қауіп төнбесе де, ертең қатер алып кетуі мүмкін. Ауғанстанның солтүстік шекарасына жақын маңда 4000-ға жуық қарулы содырлар бар», – деді.

Ауғанстанның Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстан қатарлы Орталық Азия елдерімен шекарасы 2384 шақырым.  Ал, Қытайдың Шынжаңымен шекарасы 90 шақырымды құрайды.

“The Qazaq Times”