2016 жылдың аяғы мен 2017 жылдың басынан бері Қазақстанның банк секторындағы құбылмалықтар тек мемлекет билігін ғана емес қарапайым халықты да алаңдатып қойғаны рас. Үкімет "банктер жүйесін қалай реттейміз?" деп бас қатырса, қарапайым халық ондағы жинақтарына алаңдады. Қаржы секторындағы жағдайдың қиындай бастағанының дәлелі - Қазинвестбанк пен Delta bank-тің лицензиясынан айрылуы. Ал басқа банктердегі жағдайға келсек, Қазақстан билігі оларды "сауықтырамыз" деп жар салды. Сауықтыру жұмыстары басталып та кетті. Ал осы атқарылып жатқан жұмыстардан қандай нәтиже болады? Нақты қаржы тұрақтылығы реттеліп жатқан қай банктер? Сарапшылар пікірі қандай?

2 трлн теңге бір ғана банкке жұмсалды

Жалпы банктерді сауықтыру жұмысына түрткі болған жағдай - қаржы институттарының проблемалы кредиттерінің көбейіп кетуі. Мысалы Fitch Ratings халықарылық рейтинг агенттігі қазақстандық банктердің қаржылық есептері бойынша 2017 жылдың 1 тоқсанынындағы шолуын жариялаған болатын. Агенттіктің шолуына мән берсек, банктердің проблемалы кредиттерін былай қойғанда жұмыс істемейтін кредиттерінің өзі 2016 жылдың соңындағы 8,6% көрсеткіштен 10,1%-ға дейін артқан.

"Жұмыс істемейтін кредиттер көрсеткіші жуық арада күрт өзгере қоймайды. Себебі, екінші деңгейлі банктер Ұлттық банктің 2017 жылдың соңына жоспарланған активтер сапасына талдау жүргізуіне дайындалып жатыр", - делінген Fitch хабарламасында.

Бұл кезде рейтинг агенттігі Қазақстандағы 33 банктің 30-на талдау жүргізген болатын.

Ал  S&P Global Ratings агенттігі Қазақстандағы әрбір төртінші кредит проблемалы деген мәлімет келтіреді. ҚР Ұлттық банк мәліметі бойынша 2016 жылдың басынан 2017 жылдың ақпан айы аралығында  банктердің проблемалы кредиттерінің үлесі 8% -дан 7,2%-ға қысқарған. Алайда халықаралық ұйым бұл ресми ақпарат шындыққа жанаспайтынын айтады.

"Ресми статистикада келтірілген проблемалы кредит көрсеткіші шындыққа жанаспайды. Біздің болжауымызша, олардың үлесі банк жүйесіндегі жалпы кредиттердің 25-30%-ын құрайды", - делінген агенттік хабарламасында.

Міне, осындай бір біріне қайшы ақпараттардан кейін, елдегі екінші деңгейлі банктердің жағдайын жақсарту мақсатында Ұлттық банк Проблемалы кредиттер қорына 2 трлн теңге бөлінетінін хабарлады.

Осыдан соң ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев "банк секторын сауықтыру үшін Ұлттық қордан 2017 жылға арналған республикалық бюджетке 1 трлн 92 млрд 941 млн 288 мың 400 теңге мөлшерінде нысаналы трансферт бөлу туралы" қаулыға қол қойды.

Кейбір сарапшылар болса бұл қаржы бір ғана Қазкоммерцбанктің проблемалы кредиттерін жабуға жұмсалуы мүмкін деген пікір білдіре бастады. Солай болды да. Бір айдан кейін Reuters агенттігі  Проблемалы кредиттер қоры Қазкоммерцбанктің БТА банктен қалған нашар активтерін (БТА мен Қазком біріккеннен кейін БТА-ның активтері Қазкомға өтті, тиісінше аталған банктің проблемалы активтерінің көбейе түскені белгілі -ред.) 2,4 трлн теңгеге сатып алғанын хабарлады.

Ал бұл жұмыстар біріншіден, банктің қаржылай қиындықтарын шешу мақсатында істелсе, екіншіден, Халық банкті Қазкоммерцбанкке инвестор ретінде тарту үшін істелуі мүмкін. Себебі Халық банк төрағасы Үміт Шаяхметова "БТА банктің проблемалы кредиттері Қазкоммерцбанк тарапынан өтелмей, мәмілеге келу мүмкін емес" екенін айтқан болатын.

Десек те қос банк арасында келісім жасалды. Қазком Халық банктің еншілес ұйымы болды. 2017 жылғы 15 маусымда Халық банк аталған банктің 96,81% жай акцияларын сатып алу-сату бойынша мәмілені аяқтаған. Нәтижесінде Халық Банкі сатып алған акциялардың төлемін жүргізе отырып, Қазкоммерцбанкке 185 млрд теңге көлемінде қаржы құйды.

Алайда тамыз айындағы баспасөз конференциясында  Халық банк төрағасы Үміт Шаяхметова Халық банк пен Қазкоммерцбанк және Алтын банк (Халық банктің еншілесі - ред.) Ұлттық банктің сауықтыру бағдарламасына қатыспайтынын мәлімдеді.

"Халық банк те, Алтын банк сынды еншілес банктер де, Qazkom-да Ұлттық банктің бұл бағдарламасына қатыспайды. Біз өзіміздегі проблемалы кредиттердің үлесін кредиттерді жабу, активтерді сату және  басқа құрылымдар арқылы төмендететін боламыз", - деген еді Шаяхметова.

Банктерді сауықтыру тенденцияға айналды

Міне осы жағдайлардан кейін Қазақстанда банк секторын сауықтыру бағдарламасы нақты қолға алынды. Ол бағдарлама құрылды да және бас банк бұл бағдарлама банктердің мемлекеттік қолдауға тәуелділігін төмендетеді деп мәлімдеді.

Осылайша Ұлттық Банк төрағасы Данияр Ақышев қазан айында банк секторының қаржылық орнықтылығын арттыру бағдарламасына қатысатын банктер туралы айтты.  Оның сөзінше, қыркүйек және қазанда Ұлттық Банк Басқармасы «АТФ Банк» АҚ, «Еуразиялық банк» АҚ, «Цеснабанк» АҚ және «Банк ЦентрКредит» АҚ-ның бағдарламаға қатысуын мақұлдаған. Бұл бағдарламаға 410 миллиард теңге жұмсалатыны мәлім болды.

Дегенмен бас банктің осы бағдарламасы басталысымен және бағдарламаға 4 банктің қатысатыны туралы ақпарат таратылмай тұрып, кейбір банктер бұған қалайда қатысып қалудың амалдарын қарастыра бастады деуге болады.

Мысалы тамыз айында «Bank RBK» АҚ акционері Владимир Ким қаржы институтының жарғылық капиталын толтыру үшін 20 мрлд теңге жұмсайтыны және бұл қаржы 2017 жылдың соңына дейін аударылатыны туралы ақпарат тарады.  Сондай-ақ, «Bank RBK» АҚ-ның капиталдандыру туралы шешімді қабылдауы Ұлттық Банк әзірлеген банк секторының қаржылық тұрақтылығын арттыру бағдарламасына қатысу ниетімен байланысты жоққа шығарылған жоқ.

Осыдан соң аталған банкке қатысты түрлі жағдайлар қалыптаса бастады. 12 қазан күні Bank RBK клиенттері банк бөлімшелерінде ұзын-сонар кезектің пайда болғанын және өздерінің депозиттерін шешіп алуға мүмкіндік берілмегенін хабарлады.

Ал 3 қарашада Тұтынушылардың ұлттық лигасының төрағасы Светлана Романовская банктен ақшаларын ала алмай жүрген 300-ге жуық жеке және заңды тұлғаның шағымданғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, шетелде жүргендер және сонда оқып жатқан студенттер ақшасыз қалған, сондай-ақ, банк карталары бұғатталған.

Міне осы жағдайлардан соң Bank RBK ақыры Ұлттық банктің қаржылық тұрақтылықты арттыру бағдарламасына қатысатын болды. Ол үшін "Қазақмыс" корпорациясы Bank RBK-ға инвестор болатыны айтылды. ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтың түсіндіруінше, банкті сауықтыру моделі бойынша аталған қаржы институты корпорация есебінен 160 млрд теңгеге капиталдандырылады.

Ал осы жағдайлардан кейін сенат депутаты Ерболат Мұқаев "банк секторын сауықтыру мәселесі тенденцияға айналды" деп мәлімдеді.

Ал "Талап" қолданбалы зерттеу орталығының директоры, экономист Рақым Ошақбаев бұдан бұрын Спутник Қазақстан сайтында жарияланған мәлімдемесінде:  "Мемлекеттің екінші рет банктерге бюджет қаржысын құюы  қаржы секторының проблемаларын бірнеше рет шешіп беруге дайын екендерін білдіреді, бұл  нарыққа жағымсыз сигнал береді деген еді.

Сондай-ақ, оның сөзінше, мемлекеттің банктердің проблемалы кредиттерін жабуға араласуы - қазақстандық қаржы секторындағы ұлттық бизнес модельге айналып кетуі мүмкін.

"Сауықтыруға аз ақша бөлініп отырған жоқ - 2 трлн теңге. Бірақ біз мынаны ұмытпауымыз керек. Негізі бұл банктерді екінші рет құтқару (2008-2010 жылдары үкіметтің дағдарысқа қарсы шаралары бойынша Ұлттық қордан қаржы бөлу арқылы банк секторы бір рет "құтқарылған" болатын)", - деген еді Ошақбаев.

Осылайша ол Қазақстанның қазіргі банк жүйесін сауықтыру жұмыстарын орыс сатиригі Михаил Евграфович Салтыков-Щедриннің мысалымен түсіндіреді. "Орыс болжамшысы Салтыков Щедрин Ресей туралы: "Мені жүз жылдан кейін оятып Ресейде не болып жатқанын сұраңыздар: олар ішеді және ұрлайды", - деген... Мұны біздегі банк жүйесіне де қатыстырып "бес-он жылдан кейін не болады" деп сұрауға болады. Шамасы тағы да құтқарылады", - дейді Ошақбаев.

Не десек те банк секторындағы жағдайды реттеуге қаржы бөлінді, олардың қай банктерге берілетіні де белгілі. Сауықтыруға қатысатын да қатыспайтын да бірнеше банктің жағдайы қандай екенін мысалға келтірдік. Банктердің сауықтырылуы Қазақстанның қаржы нарығы үшін дұрыс болуы да мүмкін. Тек бөлінген қаржы талан-таражыға салынбай, банктердің нығаюына жұмсалса болғаны. Алайда мұндай әрекет жалғаса бермей, банк жүйесі дұрыс жұмыс істеп, ары қарай өсім болу үшін Үкімет жаңа механизм құру керек шығар. Ал егер сарапшылар айтқандай он жылдан кейін де банк секторы бюджет есебінен "құтқарыла" берсе, мемлекеттің тірнектеп жиған қаржысы "тістегеннің аузында" кететіні анық.

“The Qazaq Times”