Кеңестер Одағы құлап, Орталық Азия елдері тәуелсіздік алған 26 жылда Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстанда, жалпы Орталық Азияда ислам діні мен адамның діни сенім-нанымына деген билік көзқарасы қалай өзгерді?

Орталық Азия елдерінде ислам дініне қайтып оралу Кеңестер Одағы құлай салысымен басталғаны белгілі. Мәскеуден ажыраған 26 жыл ішінде Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстан, жалпы аймақ халқы жаппай дінге бет бұра бастады. Жетпіс жыл атеистік қоғамда өмір сүрген Орталық Азия 1991 жылы бір мезетте сенім бостандығына ие болды. Бірақ дәл осы уақыттан бастап билік пен діншілдер арасында текетірес басталды. Аталмыш тайталастың ең қатігез формасы Тәжікстанда болды. Бұл жерде діншілдер мен билік өкілдерінің келіспеуі салдарынан 1992-1997 жылдар аралығанда елде азамат соғысы болды. Азамат соғысы атқарушы билік пен мұсылман мемлекетін құрушылар арасында жүрді. Қос тарап та билік үшін таласта алдыларына жан салмады. «Алдына келгенін тістеді, артына келгенін тепті». Бірақ бұл соғыстан екі жақ та ұтқан жоқ. Ақыр соңында титықтап біткен екі жақ мәмілеге келді. Келісім бойынша, ислам дінін желеу еткен топ мүшелері ел парламентінен орын ала бастады. Тәжікстанда Орталық Азияда бұрын соңды болмаған жағдай орнады. Елде күші жағынан билік партиясынан кем түспейтін оппозициялық Тәжікстан ислам қозғалысы партиясы құрылды. Аталмыш партия 2015 жылға дейін жұмыс істеп келді. Бірақ дәл осы жылы елде мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған сол кездегі қорғаныс министрінің орынбасары Абдулхалим Назарзодамен «Тәжікстан ислам қозғалысы» партиясының қатысы бар екендігі анықталып, партия ел аумағында террорлық ұйым деп танылды. Осыдан кейін сол кездегі партия басында болған азаматтар экстремистік топтардың қатарын толықтырды. Бұл айналып келгенде 1094 тәжікстандықтың «Ислам мемлекеті» ұйымының сапында соғысуына алып келді. Бұл ресми статистика екендігін ескерсек, Сүрия, Ирак, Ауғанстанда соғысып жүрген тәжікстандықтардың саны қанша екендігін ойлаудың өзі қорқынышты.

Енді біздің оңтүстіктегі көршіміз Өзбекстанға келсек. Бұл елде де тәуелсіздік ала салған жылдары халық жаппай дінге бет бұра бастағанын байқаймыз. 1989-1993 жылдар аралығындағы статистикаға сүйенсек, Өзбекстан аумағындағы мешіттер саны 300-ден айналдырған 4 жыл ішінде 6 мыңға дейін бірақ көбейді. Қаптаған қалың жұрт Меккеге қажылыққа ағыла бастады. Осы тұста ел президенті Ислам Кәрімов дін саласын мемлекет қарамағына алу жайында шешім қабылдады. Оның бұндай қадамдарға баруына негіз де жоқ емес еді. 1992-1997 жылдар аралығында көршілес Тәжікстанда болған жағдай мен ел ішіндегі «Өзбекстан ислам қозғалысы» ұйымының бас көтере бастауы Ислам Кәрімовты осындай шешім қабылдауға итермеледі. Бұған 1999 жылы Ташкент қаласында болған террорлық шабуыл мен 2005 жылғы «Акромия» лаңкестік ұйымының бас көтеруін қоссақ, Кәрімовтың не үшін дін саласын қыспаққа алғанын түсінуге болады. Бірақ бұл оның Өзбекстанда диктаторлық режим қалыптастырғанын қай жағынан алып қарасақ та ақтамайтыны анық. Ал Өзбекстанның қазіргі жағдайына келер болсақ, бұл жерде бір қарағанда мүлде түсініксіз жағдай қалыптасқан. Олай дейтін себебіміз өзбек елінің қазіргі басшысы Шавкат Мирзиеев президент болып сайланғалы бері дін саласын қолдап, Өзбекстан халқының қажылыққа бару квоталарының санын көбейтуді ұсынуда. Бұнымен қатар күштік құрылымдар дін жолында жүрген азаматтарды қудалап, қамауға алуда.

Жалпы жоғарыда аталған екі елмен салыстырғанда тәуелсіздік алғалы діни сенім-наным бостандығы жағынан Қырғызстан оқ бойы озып тұрғаны белгілі. Асқар Ақаевтың кезінде қырғыз билігінің елдегі діни ахуалға деген көзқарасы тек тарихи-мәдени жаңғыру деңгейінде ғана болды. Бірақ бұл көзқарас билік басына Құрманбек Бакиевтің келуімен өзгере бастады. Ол ислам дініне деген өз ойын биік-биік мінберлерден ашық айтты. Бакиев Манас әуежайын Ауғанстан жеріне қару-жарақ пен әскер тасымалдау үшін арналған алаң ретінде АҚШ әскерилеріне жалға берген күннің өзінде, елдегі діни ұйымдар мен топтардың жұмысына кедергі жасаған жоқ. Ол тіпті «ислам діні қырғыз ұлтын қозғаушы күштердің бірі» деп мәлімдеді. Құрманбек Бакиевтің кезінен бастап ислам қарапайым халықтан бастап, билікке дейін тарай бастады. 2011 жылы парламент ғимаратынан тұңғыш рет намазхана ашылды. Ал 2010 жылы оппозициялық депутат Тұрсынбай Бәкірұлы Конституция емес, Құран ұстап тұрып ант берді. Бұдан бөлек соңғы уақыттары БАҚ беттерінде 2017 жылғы президент сайлауында жеңіске жеткен Сооронбай Жээнбековтың інілерінің «Сауд Арабиясы шейхтарымен қатысы бар» деген ақпараттар шыға бастады. Бірақ Қырғызстанда діни сенім-нанымға жасаған бұндай бостандықта қырғыз халқын террорлық, экстремистік ұйымдардың арбауынан сақтап қала алған жоқ. Сәуір айының 3-і күні Ресейдің Санкт-Петербург қаласының метросын Ош қаласының тумасы Ақбордан Жалилов жарып жіберді. Салдарынан 14 адам көз жұмып, 50-ге жуық адам жарақат алды.

Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстандағы 26 жылда қалыптасқан діни ахуалдан кейін, енді Қазақстанға оралсақ. Қазақстан жағдайы жоғарыда аталған екі елмен салыстырғанда Қырғызстандағы жағдайлармен ұқсас. Біздің елімізде де тәуелсіздік алған жылдардан бастап, қазірге дейін діни сенім-нанымға билік тарапынан анау айтқандай шектеулер қойылған жоқ. Осының салдарынан 1991 жылдан бері елімізге түрлі дніи ұйымдар мен секталар есепсіз келді. Олардың Қазақстан аумағында заңды түрде тіркелгендерінің өзі 700-ге жуық. Ал тіркелмей жасырын жұмыс істеп жатқан діни ұйымдардың санын бір құдай біледі. Жалпы Қазақстан билігі 26 жыл бойы халық тәрбиесі жайында мүлде ойланған жоқ. Осы уақыт аралығында қазақ қоғамында уахабит те, сәләфит те, кришнайт те тамыр жайып үлгерді. Соның салдарынан Атыраудан бастап, Алатауға дейінгі қала көшелерінде Күлекбаев сияқтылар қару асынып жүретін хәлге жеттік. Мешіттерде имамдар мен жат ағымның жетегінде жүрген жұрт арасында жиі дау туатын болды. Сан ғасырлар бойы тәуелсіздікті аңсаған қазақ баласы «үш қайнаса сорпасы қосылмайтын» Сүрияға соғысқа аттанды. Бір сөзбен айтқанда қазақ баласы айналдырған 26 жыл ішінде досы қайсы, дұшпаны қайсы екенін ажырата алмайтын хәлге жетті. Бұның ертеңі не болады оны айту қиын, әрине. Бірақ қазір қазақ қоғамында жаңа қазақ баласын қалыптастыру үшін күрес жүріп жатқандығы анық. Ал болашақ қазақ баласы діншіл бола ма, жоқ әлде азат ойлы ұлтшыл бола ма оны уақыт көрсетеді.

“The Qazaq Times”