Қазақ тілінде “жұрт”, “ел”, “халық” сөздерінің синонимі ретінде “орман” деген сөзді қолдану дәстүрі бар. Осы сөздің тағы бір ресми түрктік мағынасы - “ағашы көп өскен жертарап”. Міне, сөз мамандары осы жағдайларға қарап “орман” – “халық” мағынасын тек ауыспалы мағына деп түсінеді. Шындығында олай емес.

Ор/ман – “Ордың” немесе “Вараның адамы” дегенді білдіреді. Бұл сөздегі “ман” элементі кейінірек пакты этноним ретінде (ман, меңді, ақ және қара ман-дарды еске түсір) қолданыла бастаған жалқы мағына, бара-бара тайпа халық, жұрт мағынасындағы жалпы сөзге айналған. Бүгінгі орман/лес мағына, керісінше туынды ұғым. “Орақтан тудым дегенше орманнан тудым десейші, ерден тудым дегенше, езден тудым десейші” демекші, осы “орманның үмбеті болу” - бір жағынан, халқының сенім арткан үмбеті, екінші жағынан, мифтік сипаттағы басқа бір ұғымның үмбеті болу дегенді білдіреді.

Орман - халық болса, Орманбет те - халық. Мәселен, Ер Тарғын жырының ертегілік проза түріндегі нұсқасында “Он сан Орманбеттен таңдап бір сұлу қыз ал” деген жолдар бар. Әдетте “он сан ноғай” тіркесі түріндегі фразадағы ноғайдың орнына Орманбеттің өзінің тұруы дәл осы (орманбет - халық) мағынаның да бар екендігін көрсетеді.

Орманбет - мифтік-аңыздық жиынтық образ. Оның есіміндегі кейінгі діни анықтама - умматты алып тастасақ Орман немесе Орым, Ұрым деген таныс ұғым шығады, яғни Орым, Ұрым - мифтік-эпостық “өз елі”, “өз жұрты”, “өз космосы” болса, оның “алғашқы адамы” және “алғашқы ұйымдастырушысы”, “патшасы әрі абызының аты”, жұрт пен халықтың персонификациясының атауы. Ор-ман - Ұрымның адамы, Ұрымның сенер үміті, үмбеті - Орманбет болатыны түсінікті, яғни мифтік Орманбет пен Майқы немесе Асан қайғы бір трафареттік (архетиптік) образ болып табылады. Даланың исламдану дәуірінде ежелгі түсініктер мен есімдер жаңа дін мен идеологияның тілек-талабына сай өңдеуден өткізіле бастаған болатын. Көне есімдерге ие образдарға жаңа мұсылмандық ат беріліп отырған. Ал, ежелгі образ бен оның есімі тым танымал болатын жағдайда бұл есімдер ислам танымына сиымды сырттай ұқсас араб-парсы сөздеріне қарай бейімделді, не болмаса, артына не алдына діни сөздер (қожа, али, тали, т.б.) жалғанып отырды. Miнe, ежелгі далалық Сір, Келін, Аспан сияқты есімдер ендігі жерде Сырымбет, Келімбет, Әспембет деп атала бастатан. Міне, солардың қатарында ежелгі Ұрым- Орым немесе Ұрман-Орман да болған. Орманбет - аңыздық халықтың тұлғалануы, яғни, бүкіл бір қауымның бір адам бейнесінде бейнеленуі. Сондықтан оны ноғайдың тарихындағы рөлі болмашы болған, ал қазаққа тіпті қатысы жоқ мырзалардың бірін осы Орманбетке айналдыра берудің қажеттілігі жоқ. Тарихта, жер бетінде Орманбет деп аталған қарапайым пенделер көп болған да шығар, тек оның өлгеніне қазақ пен ноғайдың, башқұрт пен қарақалпақтың, тіпті қырғыздың қайғырып, оның өлген күнін осы халықтардың фольклоры әлдебір ғалами деңгейдегі қайғылы мезет ретінде сақтап келеді дегенге сене қоюдың жөні жоқ.

Орманбет - тарихи емес, ол – мифтік тұлға.

Орманбетке қатысты қолданылатын сандардың да танымдық мәні бар. Әлгі үзіндіде берілген Орманбет - он екі бидің бірі деген ұғым да белгілі бір уақыт пен мәдени ортаның көрсеткіші. Ал, он екі санының орнында көне түсініктерде он саны болғандығын айта аламыз. он екі мен он сандарының ауысымы жөнінде әңгімелеп кеттік. Сондықтан, Орманбет және Он тандемін тұрақты аксиома деп қабылдаймыз.

“Ақшаханнан қашқан Тарғын мен Ақжүніс Еділдегі Орманбеттің он сан ноғайына келеді. Ол мезгілде ноғайда он хан бар екен”. Фольклорда кездесетін он сан ноғай, он хан сияқты сандардың символикасы белгілі. батыс дей-түрктер үшін он саны - болмыстағы халықтың сандық көрсеткіші (он оқ бұдұн) болып табылады. Орманбет осы модельге сай он сан ноғайдың (ежелгі вариантта - он сан Ұрымның), он баулы халықтың. он оқ бұдұнның биі, абызы, ханы, ақылшысы болады. Жиі кездесетін он би - он екі би, он хан - он екі жарым хан көрсеткіштері де осы он - халық, тірі адамзаттың сандық символы деген түсініктен өрбіген туынды көрсеткіштер.

Он екі санының кейінгі дәуірлік сипаттағы сан-символ екендігін айтып өттік. Яғни бұл сан кездесетін тіркестерді он санды деп оқимыз. Сөз соңында айтар тағы бір әңгімеміз - коне қазақ тілінде “орман” – “халық” дегенді білдірген, осындай мәнді тіркестер (“қара орманым қайырылды”, т.б.) бар, тек ол сөзді бүгінгі қазақ тіліндегі орман-тоғайдан ажырата білген жөн.

Серікбол Қондыбай. “Есен-Қазақ”, “Үш Қиян” Алматы 2002 жыл

“The Qazaq Times”