Йемен Президенті Сауд Арабиясынан еліне қайтса, оның өміріне үлкен қауіп төнуі мүмкін. Осындай мәлімдеме жасап, мемлекет басшысының өміріне алаңдаушылық білдірген Йеменнің ресми өкілі Президент Әбд-Раббу Мансұр Хадидің Сауд Арабиясында үй қамағына алынғаны туралы ақпаратты теріске шығарды. Бұл туралы Әл-Жазира ақпараттық агенттігі жазды. 

"Ол (Йеменнің Президенті) қаласа, кез келген елге бара алады. Бірақ қазір Хадидің Йеменге оралуы оның өмірі үшін аса қауіпті", - деген ресми өкіл қандай қарулы топтың Президентті өлтіргісі келетінін нақтылаған жоқ. Жуырда ақпарат құралдары ақпан айынан  бері Йеменде төбе көрсетпеген Мансұр Хади мен оның отбасын Сауд Арабиясы билігі үй қамағына алған деген хабар таратып еді. Ресми өкіл бұл бас бостандығынан айыру шарасы еместігін былай түсіндірді: "Хади Йеменге оралу туралы ойын айтқан кезде, Сауд Арабиясы қазір бұл сапар оның өмірі үшін қауіпті болатынын айтып, жағдай тұрақталғанша, Эр-Риядта қалуды өтінген".

Әбд-Раббу Мансұр Хади 2012 жылдан бері Йеменнің Президенті лауазымын атқарып келеді. Ол өзіне дейінгі Әли Абдулла Салехқа қарсы бір жылға созылған көтеріліс нәтижесінде 2 мыңға жуық адам қаза тапқаннан кейін, АҚШ-тың араласуымен уақытша сайланған басшы болған. Бірақ екі жыл мерзімнен кейін ол кезекті сайлауды кейінге қалдыра берді. Салех тұсында 18 жыл вице-министр болған Мансұр Хади йемендіктер арасында танымалдығы төмен болды. Қазір де Йемен азаматтарының  арасында қолдау таппаған Президент туралы жергілікті тұрғындардың пікіріне сәйкес, халықтың басым көпшілігі оның қайта оралмағанын қалайды.

“The Qazaq Times”